Қазақстанда балалы отбасыларға қандай қолдау көрсетіледі
ОКҚ-да балалардың құқықтарына қатысты өткен дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабагина балалы отбасыларға қандай қолдау көрсетілетіні жайлы түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, балаларды әлеуметтік қолдау әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда көрсетіледі. Оның ішінде ана мен баланы әлеуметтік қолдаудың көпдеңгейлі жүйесі бар.
Мемлекеттік бюджеттен 5 түрлі жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) екі түрлі әлеуметтік төлем беріледі. Сонымен бірге мүгедектігі бар немесе асыраушысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер төленеді, - деді Жабагина
Сарапшының айтуынша, биыл 4,4 млн отбасыға жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеге әлеуметтік төлемдер беріледі. Оған мемлекеттік бюджеттен 2 трлн 285 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр.
Бұл былтырмен салыстырғанда 18,3%-ға артық. Биылдың 4 айында әлеуметтік жәрдемақылар немесе төлемдерді 3,2 млн-нан астам отбасы алды, – деп айтты Ғалия Жабагина.