Қазақстанда балаларға арналған арнайы SIM-карталар пайда болуы мүмкін
Бұл бастаманы Оқу-ағарту министрлігі көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Вице-министр Еділ Оспан мәлімдегендей, балалар SIM-картасы – балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы тарифтік жоспар. Оған кіріктірілген сүзгі балалардың кейбір сайттарға кіруіне және белгілі бір интернет-контентті қарауына шектеу қояды.
Қазір бұл SIM-карталарды енгізу мәселесі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп талқыланып жатыр. Біз оны кешенді жоспар жобасына енгіздік. Байланыс операторлары балаларға арнайы SIM-карталар шығаруы керек. Ата-аналар балаларына тек осы карталарды сатып алуға міндеттеледі, – деді Оспан Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Министрлік халықаралық тәжірибені зерттегенін атап өтті. Басқа елдерде де балаларға арналған SIM-карталар арнайы тарифтік жоспарлар мен сүзгілермен жабдықталады.
Бүгінде интернет арқылы ақпарат алудың негізгі көзі – смартфондар мен SIM-карталар. Бұл жаңа SIM-карталар балалар үшін қауіпсіздік сүзгісі қызметін атқарады, – деді вице-министр.
SIM-карталардың нақты қашан сатылымға шығатыны белгісіз. Қазір жауапты органдар технологиялық шешімдерді қарастырып жатыр.
Министрлік ұсынған балалар SIM-карталарының артықшылықтары:
- Ата-ана бақылауы – баланың телефонды қалай қолданатынын бақылау мүмкіндігі.
- Қауіпсіздік – зиянды контенттен қорғайтын кіріктірілген сүзгілер.
- Геолокация – мобильді қосымша арқылы баланың орналасқан жерін көру мүмкіндігі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бір адамға 10 SIM-картадан артық рәсімдеуге тыйым салу ұсынылған еді. Бұл бастама әлі қарастырылу үстінде.