Қазақстанда балалардың онлайн-платформаларға кіруі шектелуі мүмкін

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов балалардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеу шаралары қазір талқыланып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бұл талаптар тек жаңа аккаунттарға қатысты болады, ал бұрыннан тіркелген пайдаланушыларға әсер етпейді.

Біз ресми сауалға бұған дейін жауап бергенбіз, соны ішінара қайталайын: шектеулер жаңа аккаунттарды тіркеу және оларды верификациялау кезінде енгізіледі. Бұл – мемлекетпен осындай шараларды талқылаудың алғашқы қадамы. Қазіргі таңда нақты модель туралы айтуға әлі ерте, – деді Евгений Кочетов.

Вице-министр бұл мәселе тұжырымдамалық деңгейде әлі де талқыланып жатқанын және процесс ашық әрі заңнамалық тұрғыда реттелетінін атап өтті. 

Ол халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Мәселен жуырда Испанияның премьер-министрі Дубайда өткен World Government Summit барысында балаларға қатысты ақпараттық саясатты қайта қарау қажеттігін мәлімдеген. Мұндай шаралар Франция мен Австралияда да қарастырылып жатыр.

Интернеттегі балаларды қорғау үрдісі айқын байқалады. Біз бұл мәселеге мүдделі барлық тарапты талқылауға шақырамыз және ортақ ұстаным табуға тырысамыз. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін заң жобасын Парламентпен талқылауды бастаймыз, – деп нақтылады Евгений Кочетов.

Біз бұған дейін Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қойылуы мүмкін екенін жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы