Қазақстанда балалардың игілігі үшін қандай істер атқарылып жатыр?

Жыл сайын 1 маусымда елімізде Балаларды қорғау күні атап өтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жас ұрпаққа сапалы білім алуға тең қолжетімділік беру және оқу үшін қауіпсіз, қолайлы жағдайлар жасау.

 

«Келешек мектептері»

Президенттің тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орындық 217 мектеп салынуда, 105 мектеп тапсырылды, оның 44%-ы ауылдық жерлерде. 2019 жылдан бастап 1 млн-нан астам оқушыға арналған 1200 мектеп салынды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған, 2025 жылы бұл көрсеткіш 95%-ға дейін артады. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады.

Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Дабыл батырмалары мен турникеттер орнатылды, лицензияланған күзет енгізілді және қауіпсіздік нұсқаулары күшейтілді.

 

Буллингке қарсы күрес

Буллингке қарсы күрес жүргізілуде. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Күрес шаралары аясында финдік Kiva және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары жұмыс істейді, «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» науқандары өткізіледі, «Менің бауырым» жобасы іске асырылуда.

Бұл ретте психологиялық қолдау орталықтарының рөлі маңызды. 2024 жылы 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасылары көмек алды. Медиация қызметтері мен балалар омбудсмендері жұмыс істейді, тәлімгерлер психологиялық дайындықтан өтеді.

 

Әлеуметтік қолдау

2024 жылы 510 мың бала 22,2 млрд теңге сомасына «Жалпыға бірдей оқыту» қоры арқылы көмек алды. Көмектің орташа мөлшері әр балаға 43 407 теңгені құрады. 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде жекеменшік мектептердің 1-4 сыныптарының 25 мың оқушысы бар. Әлеуметтік қолдау аясында кейбір өңірлерде оқушылар үшін тегін жол жүру мүмкіндігі қарастырылған.

Инклюзивті білім беруді дамыту аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы қазірдің өзінде қолдау алады. «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» жеке Заң әзірленуде, оның ішінде отбасы мен баланы қолдаудың ведомствоаралық тетіктері бар.

Қосымша білім берумен қамту 86,3% немесе 3,3 млн баланы құрады. 2025 жылы 3,2 млн оқушы жазғы демалысқа шығады, оның ішінде 500 мыңы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар.

 

Кәсіптік білім беру

Кәсіптік білім беру жүйесі дамуда. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды: жоғары сынып оқушылары біліктілікке ие болады, ал түлектер колледж дипломдарын алады. 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтті, колледж түлектерінің 81%-ы жұмысқа орналастырылды. Жұмыс берушілермен бірлесіп 8 мыңнан астам бағдарлама әзірленді. 4 мыңнан астам кәсіпорын колледждермен ынтымақтастық орнатты, 8 жаңа жатақхана іске қосылды. Студенттік шәкіртақы 2 есе көбейді, ал 2,5 млн оқушы кәсіптік бағдарлаумен қамтылды.

 

Балалар медицинасы

Қазақстанда өскелең ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз ету және қорғау үшін барлық жағдайлар жасалуда. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі арқылы балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған – өмірге келген күннен бастап кәмелетке толғанға дейінгі жүйелі шаралар кешенін жүзеге асырады.

Әрбір сәби дүниеге келгеннен бастап медициналық бақылау жүйесімен қамтылған. Жыл сайын 0 – ден 6 жасқа дейін 2 млн-нан астам бала скринингтен өтеді, 4,5 млн-нан астам бала профилактикалық тексеруден өтеді, 1,5 млн-нан астам бала міндетті иммундаудан өтеді. Бұл қызметтердің барлығы тегін – медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС жүйесі шеңберінде ұсынылады. Медициналық қолдау мектеп оқушыларын да қамтиды. Елімізде 6,5 мың медициналық пункт жұмыс істейді, әрбір мектеп емханаға бекітілген.

Жаңа туған нәрестелерге ерекше назар аударылады. Қазақстан Орталық Азияда неонаталдық көмек стандартын енгізген бірінші ел болды, онда реанимацияда бір сәбиге бір медбике келеді. Сондай-ақ 1 мыңнан астам мамандарды, оның ішінде өңір елдерінен біріктіретін неонатологтардың онлайн-қауымдастығы құрылды. Қазақстандық дәрігерлер салмағы 500 грамнан асатын жаңа туған нәрестелерді емдейді. Төсек қорының 20%-ға ұлғаюының нәтижесінде жыл сайын туа біткен патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге 1,5 мыңға дейін ота жасалады. Отадан кейінгі өмір сүру деңгейі 93%-ға жетті.

 

Ана мен бала денсаулығы

Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында тиімді перинаталдық технологиялар, бала жасындағы ауруларды біріктіріп басқару тәсілдері және ерте шақтағы балаларды патронаждық қадағалаудың әмбебап-прогрессивті моделі халықаралық ұсынымдарға сай енгізілуде.

Ана мен бала денсаулығы саласына бағытталған жүйелі стратегия мен елеулі инвестициялардың нәтижесінде елде бала өлімінің көрсеткіштері тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейге түсті: неонаталдық өлім – мың тірі туғанға шаққанда 3,37, нәресте өлімі – 6,80, балалар өлімі – 9,30.

 

"Ұлттық қор – балаларға"

"Ұлттық қор – балаларға" бастамасы аясында 7 млн-ға жуық баланың болашағына ақша аударылды.

Медициналық және әлеуметтік қолдау жүйесін толықтыра отырып, мемлекет болашақ ұрпақ үшін қаржылық тұрақтылықтың ұзақмерзімді тетіктерін енгізуде. Мұндай тетік 2022 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы болды.

Жобаны Үкімет Қаржы министрлігі арқылы іске асырады және Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы жинақтаушы шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды көздейді. Жинақталған қаржыны тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалануға болады.

Бағдарлама ресми түрде 2024 жылдың 1 қаңтарында басталды. Оның шеңберінде 2006 жылдан бастап туылған әрбір балаға Ұлттық қордан жыл сайын қаражат аудару көзделген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы