22 Тамыз 2026, 17:46 Фото: ҰОК

Қазақстанда балалар және бұқаралық спорт 1,8 млн бала мен жасөспірімді қамтиды

Қазақстанда балалар және бұқаралық спорт 1,8 млн бала мен жасөспірімді қамтиды

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, доктор Рашед Мустафа Сарвармен кездесті.

Ербол Мырзабосынов балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.

Қазақстан үшін балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз спортты болашақ спортшыларды тәрбиелеудің мүмкіндігі ретінде ғана қарастырмаймыз. Ең алдымен, бұл – балалардың денсаулығы, тәртіп және әр балаға берілетін тең мүмкіндік, – деді министр.

Бүгінде Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің 34,6%-ы немесе 1,8 миллионы дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздегі тиісті жастағы балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 5 312 465 адамды құрайды.

Министрлік балалардың спортпен айналысу кезіндегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. 2025 жылы балалардың спорттық жарыстарға қатысуына жас ерекшелігіне байланысты шектеулер енгізілді. Олар спорт федерацияларының ұсыныстары ескеріліп әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Қазір Қазақстанда 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 400 мыңға жуық бала мен жасөспірім спортпен шұғылданады. Биылдан бастап балалар спортын қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артты.

Осыған байланысты тараптар 20 қыркүйекте Астанадағы Ботаникалық бақ аумағында өтетін «Astana UNICEF Race 2026» бұқаралық қайырымдылық жүгіру жарысына дайындықты жеке талқылады.

Спорттық шараға шамамен 1700 адам, оның ішінде 1500 ересек пен 200 бала қатысады. Бағдарламада 2, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар қарастырылған. Жүгіру жарысын ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы, Астана қаласының әкімдігі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырады.

Кездесу барысында ұйымдастыру мәселелеріне, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, балаларға қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударылды.

Мұндай іс-шаралар азаматтарды белсенді өмір салтына тартып қана қоймай, қоғамды маңызды әлеуметтік бастамалар төңірегіне біріктіреді. Алдағы жүгіру жарысы елеулі оқиғаға айналып, бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға үлес қосатынына сенімдімін, – деді Ербол Мырзабосынов.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдердің спортпен қауіпсіз айналысуына жағдай жасау, балалардың құқықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.