Қазақстанда балалар құқығы қаншалықты қорғалады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде балалар құқығы қаншалықты қорғалады? Бұл сұраққа БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен жауап берді.

- Орта Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстанда қаншалықты бала құқықтары сақталады?

- Өткен жылы біз әлем бойынша Бала құқықтары туралы тұжырымдаманың 30 жылдығы мен Қазақстанның балалар құқығы туралы конвенцияны ратификациялағанына 25 жыл толуын атап өттік. 1989 жылы әлемдік көшбасшылар "БҰҰ Бала құқықтары туралы Конвенциясы" атты құжатты бекітті. Қазақстан 1994 жылы Конвенцияны қабылдап, балалардың құқықтарын қорғауға уәде берді. Қазақстан уәдесін көп жағдайда орындай алды. 5 жасқа дейінгі балалар мен сәбилер өлім-жітімін төмендетуге қатысты оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазіргі уақытта әрбір қазақстандық баланың толық көлемде білім алуға мүмкіндігі бар. Дегенмен, Конвенцияда баяндалғандай баланың барлық құқықтары толық көлемде іске асырылмайды. Проблемалар назардан тыс қалу қаупі бар балалардың белгілі бір санаттарына қатысты. Айта кету керек, аталған мәселелер – Орталық Азияның барлық елдері үшін өзекті. Бұл балаларды қатыгез қарым-қатынастан қорғау, көші-қон үдерістерінде балаларға көмек көрсету, әлеуметтік жұмысты дамыту, интернат мекемелеріндегі балалар және отбасын қолдауға арналған балама бағдарламалар мен қызметтерді дамыту, даму ерекшеліктері бар балаларды сапалы біліммен қамтумен тікелей байланысты. 


- Қазақстанның қай өңірінде бала құқықтарына қатысты проблема басымырақ? Қандай проблема жиі кездеседі? 

- Қазақстанның қарқынды экономикалық дамуы тұрғылықты жерге байланысты теңсіздіктің пайда болуына алып келді. Мәселен, қала мен ауыл экономикасы арасындағы айырмашылық анағұрлым айқын. Жалпы алғанда, қала жастары мектепте оқудың толыққанды мүмкіндіктеріне ие; қалаларда сәби өлім-жітімі ауылдық жерлерге қарағанда едәуір төмен. ЮНИСЕФ мезгіл сайын қазақстандық балалардың жағдайы жөнінде егжей-тегжейлі талдау мен ұсынымдарды ел резервіне ұсынып тұрады. Айта кету керек, осы талдау арқылы бүкіл Қазақстан үшін өзекті бірқатар мәселелер анықталды. 

Дұрыс тамақтанбау 

Балалардың артық салмағы мен семіздік – денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселенің бірі.Мысалы, балалардағы артық салмақ көрсеткіші (6-9 жас) 20%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш, өкінішке қарай, өсіп барады. Сондай-ақ, Қазақстан тұрғындарының тұзды тұтыну деңгейі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің біріне тең. Бұдан басқа, алты айға дейінгі жастағы балалардың тек 38%-ы ғана табиғи жолмен тамақтанады, бұл халықаралық стандарттармен салыстырғанда төмен көрсеткіш болып саналады.


Балалар зорлық-зомбылығы 

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық бұл жаһандық сипаттағы проблема екенін атап өту маңызды. Қолда бар деректер бойынша, бүкіл әлем бойынша 1 миллиард кәмелетке толмағандар, яғни 2 жастан 17 жасқа дейінгі барлық балалардың жартысынан көбі бір жыл ішінде эмоциялық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.


Статистика комитетінің 2015 жылғы деректері бойынша, 1-4 жастағы балалардың 53%-ы отбасында психологиялық агрессияға немесе физикалық жазаға ұшырайды. Қазақстанда қыздардың 50%-ы отбасындағы тәртіптің зорлық-зомбылық әдістерінен жапа шегеді, оның ішінде 21%-ы физикалық жазаға ұшырайды, ал 45%-ы психологиялық агрессия мен зорлық-зомбылықты бастан кешеді.


Өкінішке қарай, балалардың үштен бір бөлігі ерте жастан бастап (1-2 жас) тәртіптің зорлық-зомбылық әдістеріне (38%), психологиялық агрессияға (31%), сондай-ақ қатал физикалық жазалауға (тиісінше 21% және 0,5%) ұшырайды.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қудалаудың алдын алу – Қазақстандағы ЮНИСЕФ басымдығының бірі.


50 мыңнан астам бала интернаттық мекемелерде тұрады

Әлеуметтік жетімдік немесе биологиялық ата-аналар тірі тұрып, өз баласын тәрбиелеу және күтумен айналыспайтын жағдайлар проблемаға айналды. Ата-ана құқықтарынан айыру көрсеткіші жоғары, 2017 жылы ол 3 153 оқиғаны құрады. 


Қауіпті қоршаған орта және балалардың жарақаттануы 

Қазақстан Үкіметі мен белсенді азаматтар балаларға қауіпсіз ортаны жасау үшін жұмыс істеп жатыр. Мысалы, терезеден құлаудың алдын алу мақсатында құрылыс нормалары бойынша жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің терезелерінде міндетті түрде кедергілер орнату тармағы енгізілді, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін шаралар күшейтілді. Қалаларда жеке велосипед жолдары салынып жатыр. Дегенмен, Қазақстандағы балалардың өлім-жітімі мен ауруханаға жатуының жетекші себебі жарақаттану болып отыр.

2019 жылы 1200 бала жарақат алды. ЮНИСЕФ-тің зерттеуі бойынша, Қазақстанда күн сайын жарақаттан кем дегенде 3 бала көз жұмады және 75 бала алған жарақаттар салдарынан стационарлық емдеуге жатқызылады.

Осы зерттеудің нәтижесі бойынша, ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне қатысты жол-көлік оқиғаларына алаңдайды. Ата-аналардың 73%-ы келісті, ал 23%-ы балалар жарақаттанып қалатын оқиғаларды "айналып өтуге" болады деп есептейді. "Балаларды қауіп-қатерден қорғау неге қиын?" деген сұраққа ата-аналардың 84%-ы "Балаларды үнемі назарда ұстау мүмкін емес" деп жауап берді, 82%-ы балалардың жарақат алу себептеріне сапасыз жобаланған инфрақұрылым (жолдар, мектептер, балабақшалар) және қауіпсіздік саласындағы заңнаманың жоқтығы немесе сақталмағанын (80%) атап өтті. ЮНИСЕФ ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен әріптесе отырып, балалар жарақатының алдын алу мақсатында үш жылдық стратегияны әзірлеп, енгізеді, сондай-ақ қауіпсіз қоршаған ортаны қамтамасыз ету мен жарақаттану қаупін азайту бойынша ата-аналардың, балалардың, педагогтардың, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің білімі мен дағдыларын арттыру бойынша жұмыс істейді.

Сондай-ақ, 2016 жылы ЮНИСЕФ Статистика комитетіне еліміздегі балалар өмірінің барлық аспектілері ұсынылған "Қазақстан балалары" атты алғашқы жинақты әзірлеуге сараптамалық қолдау көрсетті. Жинақты мына сілтеме бойынша көре аласыздар. 

- Қазақстандық балалардың тәрбиесіне елдің әлеуметтік нормалары қаншалықты әсер етеді? 

Кез келген елдің әлеуметтік нормалары сол елдегі балалардың жағдайына үлкен әсер етеді. Балалардың құқықтары мен олардың қажеттіліктері туралы аз ақпарат олардың дамуын кешіктіріп, бала өмірінің түрлі аспектілеріне теріс әсер етуі мүмкін.

Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда ересектердің 75%-ы балаларды тәртіпке салу үшін күш көрсетуге болатынын қолдайды. Көбінесе ересектер бұл да зорлық-зомбылықтың түрі екенін түсіне бермейді. Ол өмір бойы балаға зиян келтіреді. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, дене жазасының балалар үшін қарама-қарсы және жағымсыз салдары бар, мысалы, ол қоғамға қарсы мінез-құлыққа әкелуі мүмкін. Балалық шағында зорлық-зомбылықты бастан кешкен балалардың денсаулығы нашар және өзін-өзі бағалауының төмендігі байқалуы мүмкін. Зорлық-зомбылықсыз тәрбиеленген балалар ересек өмірде табысты, сенімді және бақытты адам болу мүмкіндігіне көбірек ие. Ғалымдар зорлық-зомбылықтың салдары қатерлі ісік, диабет, психобелсенді заттарды теріс пайдалану, депрессия және тағы басқалар сияқты ауруларға әкелуі мүмкін дейді. 


2013-2017 жылдары ЮНИСЕФ уәкілетті органдармен бірлесіп, мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу бағдарламасын пилоттық түрде жүргізді. Мақсаты – оқушылар арасында психоәлеуметтік дағдыларды дамыту арқылы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Сондай-ақ, тәуекел факторларына және жасалған зорлық-зомбылық жағдайларына ден қою тетіктерін әзірлеу. Әзірленген әдістеме Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының мектептерінде сынақтан өткізіліп, тиімділігін көрсетті. Енді Ұлттық білім академиясының қолдауымен бұл әдістеме білім беру жүйесінің стандарттары мен құзыретіне енгізіледі. 

ЮНИСЕФ-тің қолдауымен балаларға зорлық-зомбылық пен немқұрайды қараудың алдын алу патронаждық мейірбикелердің қызметіне айналды, олар отбасына бару аясында тәрбиенің оң әдістері туралы хабардар етеді. Бала қатерге ұшырайтын немесе отбасында нашар қарым-қатынаста болған жағдайда әрекет етеді. 


2018 жылы ЮНИСЕФ уәкілетті органдармен бірлесіп, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі коммуникациялық науқанды іске асыруды бастады. Науқан ата-аналардың, сондай-ақ жұртшылықтың балаларды тәрбиелеу мен оқыту мәселелерінде зорлық-зомбылық әдістеріне жол бермеу туралы сауатын арттыруға, осы мәселедегі көзқарастарды, нормалар мен ұстанымдарды өзгертуге бағытталған. 

Қазіргі уақытта ЮНИСЕФ балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-ана дағдыларын нығайту туралы бағдарламаның пилоттық жобасын енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай бағдарламалар көптеген дамыған елдерде бар. Бағдарлама бірінші кезекте отбасының әл-ауқатын нығайтуға және балаларды зорлық-зомбылықсыз тәрбиелеуге бағытталған. 

Уәкілетті органдармен бірлесіп заңнаманы жетілдіру және балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын анықтау, хабарлау, тіркеу бойынша хаттамалар әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. 


- Балалар бақытты болуы үшін ата-ана мен мемлекет не істеуі керек? 

- Мемлекет Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес баланың құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл – денсаулыққа, қауіпсіз қоршаған ортада өмір сүруге, білім алуға және медициналық қызметтерге қол жеткізу құқығы.

Сонымен қатар, ата-аналар балаларды және олардың қажеттіліктерін естуді үйренуі өте маңызды, ол үшін уақыт пен кеңістік бөлу қажет. Тек өз баласын "тыңдай" отырып, оның проблемаларын бақылап, қандай қамқорлыққа мұқтаж екенін ажыратып, әрдайым жұмыс істей отырып, ата-аналар өзара баламен сенімді қарым-қатынас орната алады. Балаларыңызға өзіңізге келіп, қорқынышы мен күмәнін, проблемасы мен наразылығын айтуға мүмкіндік беріңіз. Сосын бірлесе отырып, баланың қызығушылығына сәйкес келетін шешім қабылдаңыз. 


- Әңгімеңізге рахмет! 

Айта кетейік, осыған дейін Артур ван Дизен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы жұмысы кезінде жеткен жетістіктері бойынша сұхбат берген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы