Қазақстанда бала құқықтары жөніндегі 20 өңірлік уәкіл тағайындалды

Биыл елімізде алғаш рет әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Заң аясында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл институты енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде еліміздің 20 өңірінде әрбір қала мен облыста балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын уәкілдер ресми түрде тағайындалды.

Өңірлердегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің міндеттеріне балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдарды қарау, бала құқықтарын қалпына келтіруге көмек көрсету болып табылады.

Бұдан бөлек, міндеттер қатарына білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдарына бару, балалардың құқықтарымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың құжаттарына қол жеткізу кіреді.

Біз өңірлік уәкілдердің арқасында елдегі әрбір баланың құқығы қорғалады деген сенімдіміз. Бұл тәуелсіз, әрі қоғамда белсенді жандар мемлекеттік органдардың күш-жігерін толықтыра отырып, балалардың игілігі үшін жұмыс істейтін болмақ. Олардың жұмысы құқық бұзушылықтарға неғұрлым тиiмдi ден қоюға және дер кезiнде алдын алуға мүмкiндiк бередi. Аталған қызмет балаларымыздың өмір сүру сапасын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсартып, әділ және қауіпсіз қоғам құруға маңызды қадам, - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, балалардың құқықтарын қорғаудың барлық өзекті мәселелері бойынша жоғарыда көрсетілген нөмірлер бойынша әр өңірге хабарласуға немесе Instagram парақшасындағы direct-ке жазуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің ресми Telegram-каналы
Өзгелердің жаңалығы