Қазақстанда бал мен зімбірден жаңа сусын әзірленді
Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбір негізіндегі жаңа алкогольсіз, адам ағзасына пайдалы сусын дайындау технологиясын әзірледі. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының мәліметі бойынша оны Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасап шығарды.
Ғалымдар қандай жаңалық ашты?
Жобаның басты ерекшелігі – Қазақстанда мұндай сусынды дайындауда осыған дейін бал мен зімбір бірге қолданылмаған. Ғалымдар екі табиғи өнімді бір құрамда алғаш рет ұштастырып, олардың пайдалы қасиеттерін мүмкіндігінше сақтап қалуға бағытталған өңдеу тәсілін әзірледі.
Сусынның қанша түрлі құрамы жасалды?
Жоба аясында институт мамандары сусынның 40 түрлі құрамын жасап, сынақтан өткізді. Зерттеу нәтижелері, дәмі мен иісіне қатысты бағалау, сондай-ақ өндірістік және қаржылық тиімділігі ескеріліп, ең қолайлы төрт құрам таңдап алынды.
Зерттеу барысында дайын сусындардың құрамында антиоксиданттардың мол екені анықталды. Өнімді әзірлеу кезінде бал мен зімбірдің құрамындағы пайдалы әрі әсерлі заттардың өндірістің әр кезеңінде барынша сақталуына ерекше мән берілді. Осы қасиеттер сусынның адам денсаулығына пайдалы бағытта жасалғанын көрсетеді.
Неліктен отандық балды пайдалану керек?
Жаңа технологияның маңызы – отандық омарташылық өнімдерін тағам өндірісінде кеңінен пайдалануға жол ашуында. Қазақстанда бал өндіру көлемі жоғары болғанымен, оны пайдалы сусындар жасауға өндірістік тұрғыда пайдалану әлі де жеткіліксіз. Жаңа тәсіл бал өнімдерін өңдеудің жаңа бағытын қалыптастырып, құны жоғары дайын өнім шығаруға жол ашады.
Сусын өндіріске дайын ба?
Әзірленген технологияға елімізде пайдалы модельге берілетін патент алынған. Сонымен қатар алкогольсіз және құрамында спирті аз сусындарды өндірістік жолмен дайындауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Қазіргі таңда жаңа технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге болады. Бұл отандық пайдалы сусындардың түрін көбейтіп, бал өнімдерін тереңірек өңдей отырып, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы ғалымдарының ғылыми жұмыстарын өндіріске енгізуге серпін береді.