Қазақстанда БАД-тарды бақылау күшейтілмек: ДСМ жаңа ережелер әзірлеуде
Денсаулық сақтау министрлігі биологиялық белсенді қоспаларды бақылауды және тіркеуді енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа ережелер таяу жылдары күшіне енуі мүмкін.
Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (БАД) міндетті түрде тіркеу және бақылау енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Trend Talk подкастында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, БАД-тардың кең таралғанына қарамастан, бүгінде бұл нарық іс жүзінде реттелмей отыр.
25 жылдық тәжірибесі бар дәрігер ретінде айтарым: стандартты дәрумендер мен микроэлементтер - бұл бір бөлек. Ал барлық мәселені шешеді-мыс деп ұсынылатын күрделі комбинациялар міндетті түрде тексеруді талап етеді, - деп атап өтті Тимур Мұратов.
Ол Қазақстанның бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге сүйенетінін айтты. Мысалы, АҚШ-та БАД-тар FDA арқылы тіркеуден өтіп, құрамы тексеріледі.
Біз де соған келе жатырмыз. Бұл алдағы бірнеше жылдың еншісіндегі мәселе болуы мүмкін. Бізде де БАД-тар сараптамадан өтіп, ресми тіркелетін болады, - деді вице-министр.
Оның сөзінше, қазіргі нарықта сапалы өнімдермен қатар, шығу тегі күмәнді қоспалар да көп. Сонымен қатар, БАД-тар тек дәріханаларда ғана емес, азық-түлік дүкендерінде де еркін сатылуда.
Денсаулық сақтау министрлігі реттеуді енгізу өнім сапасын бақылауды күшейтіп, тұтынушыларды қорғауға мүмкіндік береді деп есептейді.
Бұған дейін Тимур Мұратов Қазақстанда рецепт арқылы берілетін дәрі-дәрмектерді маркетплейстер арқылы сатуға және жеткізуге тыйым салатын өзгерістер дайындалып жатқанын да хабарлаған болатын.
Еске салайық, бұған дейін министрлік БАД қабылдайтындарға үн қатты.