Қазақстанда азық-түлік емес тауарлар бағасы қымбаттады
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияға әсер ететін факторларды талқылап, оны тежеу шараларын әзірлеуге арналған кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жетті (шілде айында – 11,8%). Баға өсімі әсіресе Қарағанды (14,4%), Ұлытау (13,6%), Ақмола (13%), Атырау (12,8%), Солтүстік Қазақстан (12,6%), Ақтөбе (12,5%) және Батыс Қазақстан (12,4%) облыстарында, сондай-ақ Астана (12,8%) мен Алматы (12,7%) қалаларында байқалды.
Инфляцияға ең көп әсер еткендер – ақылы қызметтер: коммуналдық қызметтер (+2,9%), көлік (+1,7%) және денсаулық сақтау саласы (+0,9%), – деді Азамат Әмрин.
Азық-түлік емес тауарлар бағасы орта есеппен 1%-ға өсті. Сонымен қатар кейбір тауарлар арзандады. Мысалы, тоңазытқыштар мен мұздатқыштар – 1,5%-ға, газ плиталары – 6,3%-ға, шыны бұйымдар мен ас үй құралдары – 0,1%-ға төмендеді.