Қазақстанда азық-түлік бағасы екінші ай қатарынан төмендеп келеді
Үкімет мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуі баяулаған. Алайда суық түсуіне байланысты кейбір көкөністер қымбаттаған.
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте инфляцияның қазіргі динамикасы және бағаны одан әрі тұрақтандыру шаралары қаралды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азық-түлік инфляциясы екінші ай қатарынан төмендеп, дефляция деңгейі -0,1% шамасында сақталып отыр. Бағаның өсу қарқынының бәсеңдеуіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары айтарлықтай үлес қосқан. Жыл басынан бері бұл тауарлардың бағасы 1,8%-ға өскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде өсім 8,3% болған. Яғни, бағаның өсу қарқыны 4,6 есе төмендеген.
Өткен аптада қант бағасы 2,4%-ға, пияз 1,7%-ға, алма мен сәбіз 0,9%-ға, күріш 0,5%-ға, қой еті 0,4%-ға арзандаған. Ал нан, макарон өнімдері, сары май, тұз және шай бағасы өзгеріссіз қалған.
Сонымен қатар күн суытуына байланысты қияр бағасы 4,6%-ға, қырыққабат пен қызанақ 3,7%-ға, картоп 2,4%-ға қымбаттаған. Алдағы қыс пен көктемде жылыжай көкөністерінің бағасын тұрақтандыру үшін оларды өндірушілермен тиісті меморандумға қол қойылады.
Бағаны тежеудің тиімді құралдарының бірі ретінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері аталып отыр. Мұндай жәрмеңкелерде өнім өндірушілердің өзінен тікелей сатылады.
Бұдан бөлек, 17–27 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде Bereke Fest және Republic Day акциялары өтіп жатыр. Оларға 649 сауда нысаны қатысуда. Акция аясында күнделікті тұтынатын тауарлар мен сұранысқа ие азық-түлік өнімдері 50%-ға дейінгі жеңілдікпен ұсынылады.
Серік Жұманғарин азық-түлік инфляциясы өскен өңірлердің әкімдіктерінің есебін тыңдап, барлық аймаққа ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындар көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің жеткілікті көлемде әрі қолжетімді бағамен сатылуын қамтамасыз етуді міндеттеді.