Қазақстанда азаматтардың жалақысына қатысты мәселе реттелуі мүмкін
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жалпы отырысында жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға арналған заң жобасын түсіндірді. Маңызды өзгерістердің бірі – жалақы мәселесі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аймағамбетов бір лауазым мен бір мамандық бойынша жұмыс істейтіндердің жалақысындағы алшақтық мәселесі бар екенін айтты.
Бір кәсіпорында, бірдей лауазымда, бірдей функцияны атқаратын қызметкерлердің жалақысында бірнеше есе айырмашылық болмауы тиіс. Алайда, қазіргі заңнамада бұл мәселе реттемеген. Сондықтан осындай әділетсіздік жиі кездеседі, - дейді ол.
Мысалы, бірдей жұмысты атқарып, бірдей талаптарға сай келетін шетел мамандары мен жергілікті мамандар арасындағы жалақылары бойынша алшақтық проблемасы бар.
Сондықтан да, біз Ұжымдық шартқа бір лауазым ішіндегі ең жоғары және ең төменгі жалақының ара қатынасын міндетті түрде белгілеу туралы норманы ұсындық. Бұл норма – еңбекақы төлеудегі әділдік үшін қажет деп санаймыз, - деп айтты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов отырыста.