Бүгiн 2026, 11:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда әйелдерге 1,7 млн теңгеден беріледі

Грант беру процесі толықтай электрондық форматта.

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында гранттар беру мен кәсіпкерлікке оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің редакциямызға берген мәліметінше, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін гранттар беріледі. 2026 жылы бұл сома 1 730 000 теңгені құрайды. Гранттар Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес беріледі.

Қағидаларға сәйкес, гранттарды жұмыссыз азаматтар немесе мемлекеттік тіркеуден өткеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер ала алады. Сонымен қатар, бұл қолдау шарасы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған.

Грант алушылар қатарына:

  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • көпбалалы отбасылар;
  • асыраушысынан айырылған азаматтар;
  • қоныс аударушылар мен қандастар;
  • еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жатады.

Грант беру процесі толықтай электрондық форматқа көшірілген. Өтінімдер Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.

Өтініш берген кезде үміткердің әлеуметтік топқа жататыны және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығанын растайтын сертификаты бар-жоғы автоматты түрде тексеріледі. Бұл сертификаттың жарамдылық мерзімі үш жылдан аспауы тиіс.

Министрлік дерегінше, 2025 жылы республика бойынша әлеуметтік осал топтарға 9,2 мың грант берілген. Оның 5,9 мыңы немесе 63,4 пайызы әйелдерге тиесілі.

Сонымен қатар, азаматтар «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін тегін оқи алады. Оқу skills.enbek.kz порталында онлайн форматта өтеді және ұзақтығы 14 күннен аспайды.

Бағдарлама жұмыссыз және нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға, сондай-ақ жаңа бастаған кәсіпкерлердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Оқу барысында қатысушылар бизнес жүргізу, экономика, менеджмент және маркетинг негіздері бойынша білім алады.

2025 жылы аталған бағдарлама бойынша 29,3 мың адам оқудан өтті. Оның ішінде 17,8 мың әйел немесе 60,9 пайызы курсты сәтті аяқтаған.