Бүгiн 2026, 15:51 Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді жоспары әзірленеді – Аида Балаева

Бүгінде елімізде 1 миллионнан астам әйел кәсіпкер тіркелген.

Қазақстанда мемлекеттік қолдау, оқыту, қаржыландыру және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту шараларын біріктіретін әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Global Businesswomen Council ұйымының IV пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аида Балаеваның айтуынша, әйелдердің құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы болып қала береді.

Сондықтан Қазақстанда заңнамалық база кезең-кезеңімен нығайтылып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге қолайлы жағдай жасалып келеді, – деді ол.

Вице-премьер Қазақстанда гендерлік теңдік саясаты дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Конституция әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктеріне кепілдік береді. Сонымен қатар ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қолданыста, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.

Оның сөзінше, жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде әйелдер экономикада көшбасшылық позицияларды сенімді түрде иеленіп келеді.

Әйелдердің экономикаға қатысуына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша комиссия әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді, – деді Аида Балаева.

Ол қазіргі уақытта Ұлттық комиссия әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп жатқанын айтты.

Бұл жоспар мемлекеттік қолдау, оқыту, қаржыландыру және жаңа жағдайдағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту тетіктерін біріктіреді, – деп түсіндірді Премьер-министрдің орынбасары.

Аида Балаеваның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 1 миллионнан астам әйел кәсіпкер тіркелген. Әйелдер жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысына жуығын басқарады әрі осы сектордағы жұмыспен қамтудың үштен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен қатар оның айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігі әлі де қызмет көрсету саласында шоғырланған, ал ірі капиталды қажет ететін кәсіпкерлік салаларында әйелдердің үлесі жеткіліксіз.

Вице-премьер сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға қосып отырған үлесін атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша сервистік және консультациялық қолдау алғандардың жартысына жуығы – әйелдер. Табысты жобалардың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы. Бұл жобаға қатысушылардың шамамен 70 пайызын әйелдер құрайды, ал олардың өнімдері бүгінде ірі сауда желілері мен дүкендердің сөрелерінде сатылып жатыр, – деді ол.

Аида Балаева әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де тоқталды.

Оның дерегінше, бүгінде Қазақстанда 1,5 мыңнан астам әлеуметтік кәсіпкер тіркелген, олардың 70 пайыздан астамы – әйелдер.

Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, инклюзивті жобаларды жүзеге асырып, отбасыларға, балаларға және ерекше қажеттілігі бар адамдарға көмек көрсетіп келеді, – деді министр.

Қазіргі заманның сын-қатерлері туралы сөз қозғаған Аида Балаева жасанды интеллектінің қарқынды дамуы бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын айтты.

Біздің міндетіміз – әйелдердің жасанды интеллектіні тек өз жұмысында пайдалануымен шектелмей, жаңа цифрлық экономиканың көшбасшыларына айналуына жағдай жасау. Ол үшін заманауи технологияларға, білім алуға, қаржыландыруға және тәлімгерлікке қолжетімділікті кеңейту қажет, – деп түйіндеді вице-премьер.

Осылайша, Қазақстанда әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Билік әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шараларын күшейтуді, оның ішінде кешенді жоспар әзірлеу, қаржыландыруға, білім беру бағдарламаларына және заманауи технологияларға қолжетімділікті арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар әйелдерді цифрлық экономикаға тартуға және кәсіпкерлікті жаңа салаларда дамытуға ерекше назар аударылады.