Қазақстанда әйелдер дәрігерге бір ай бойы тегін қарала алады
Қазақстанда әйелдерді сүт безі обырының алдын алу және ауруды ерте анықтау туралы ақпараттандыруға бағытталған «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы басталды. Қазан айы бойы ел өңірлеріндегі медициналық ұйымдарда ашық есік күндері, мамандардың консультациялары мен ақпараттық кездесулер ұйымдастырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бастамаға Құрылтай депутаттары мен «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты қолдау көрсетіп отыр. Науқан аясында әйелдерге скринингтен қашан өту керектігі, медициналық көмекке қайда жүгінуге болатыны және денсаулыққа қатысты күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге баруды неге созбау қажет екені түсіндіріледі.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Каринова ақпараттық жұмыстың шалғай елді мекендерге дейін жетуіне басымдық берілетінін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – бұл ақпаратты тұрғылықты жеріне қарамастан барлық әйелге қолжетімді ету. Қазан айында өңірлердегі емханаларда ашық есік күндері өтеді. Аудан және ауыл тұрғындары тұрғылықты жері бойынша жүгініп, мамандардан кеңес алып, аурудың алдын алу және оны ерте анықтау туралы көбірек ақпарат алады», – деді ол.
40-76 жастағы әйелдер скринингтен өте алады
Онколог-маммологтар қауымдастығының тең жетекшісі Данара Сүлейменованың айтуынша, Қазақстанда 40-76 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обырына тегін скринингтен өтуге мүмкіндік бар.
Алайда маман қандай да бір белгі байқалған жағдайда кезекті скринингті күтудің қажеті жоқ екенін ескертті.
«Егер әйел қандай да бір өзгерісті байқаса немесе белгілер пайда болса, кезекті скринингті күтпей, бірден дәрігерге барғаны жөн. «Әділет» партиясының қолдауымен бастамамыз тұтас республика аумағында қолға алынып, анық ақпарат әрбір шалғай ауылға жетеді», – деді Данара Сүлейменова.
Елордадағы №13 емхана директоры, дәрігер-сарапшы Жанерке Ажетова сүт безі обырына арналған тегін скрининг медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретінін айтты.
Оның мәліметінше, бұл тексеру МӘМС жүйесінде сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан қолжетімді. Скринингтен өту үшін азаматтар өз емханасына жүгінуі қажет.
Әйелдердің медициналық көмекке жүгіну жолы зерделенеді
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, денсаулық сақтау саласында көп жылдық тәжірибесі бар Жұлдыз Данбаева профилактикалық тексерулерді әйелдердің тұрақты әдетіне айналдырудың маңызын атап өтті.
Айлық барысында әйелдердің медициналық көмекке жүгіну кезінде кездесетін мәселелерін зерделеу жоспарланған. Оның ішінде маманға жазылу мен кезек күту, қажетті дәрігерге бару мүмкіндігі, сондай-ақ ауруға күдік анықталғаннан кейінгі медициналық әрекеттер қарастырылады.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Арман Жансеңгіровтің айтуынша, бұл жұмыста пациенттің медициналық көмек алу процесін қалай өткеретініне де назар аударылады.
«Жағдайға пациенттің өзі қалай қарайтынын ескеру маңызды: ол қабылдауды қанша уақыт күтеді, қажетті маманға қаншалықты жылдам бара алады және ауруға күдік анықталғаннан кейін не болады? Бұл жұмыс өңірлердегі проблемалық тұстарды анықтауға және қандай шешімдер қажет екенін айқындауға көмектесуге тиіс», – деді ол.
Қазан айында қандай іс-шаралар өтеді?
Айлық аясында медициналық ұйымдармен бірлесіп ашық есік күндері мен консультациялар ұйымдастырылады. Қолданыстағы медициналық қағидаларға сәйкес көрсетілімдер бойынша тексерулер де өткізіледі.
Сонымен қатар дәрігерлермен кездесулер, дәрістер мен подкасттар ұйымдастыру көзделген. Әйелдердің денсаулығына назар аударуға бағытталған жүгіру және серуендеу шаралары да жоспарланған.
Науқан туралы ақпаратты тұрғындарға кеңінен жеткізу үшін оның нышандары елдің қоғамдық кеңістіктерінде орналастырылады. Атап айтқанда, айлықтың символикасы 121 қоғамдық ғимарат пен сауда нысанына, 218 LED-экран мен билбордқа және 250 қоғамдық көлікке орналастырылады.
Науқанды қолдау мақсатында бірқатар нысан қызғылт түспен жарықтандырылады.
Айлықтың негізгі символы – қызғылт лента. «Әйел өмірі үшін» бастамасының басты мақсаты – әйелдердің сүт безі обырының алдын алу, ауруды ерте анықтау және медициналық көмекке уақытылы жүгіну мәселелері бойынша хабардарлығын арттыру.