Қазақстанда ауылға барған дәрігерлердің төлемі екі есеге өсті
2025 жылы әлеуметтік қолдау 4,5 млрд теңгеге жетіп, 1000-нан астам маман ауылдық жерге жұмысқа барған.
Қазақстанда ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі артты, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылы Қазақстанда ауылдық жерлерге аса тапшы мамандықтар бойынша жұмысқа орналасқан дәрігерлерге берілетін әлеуметтік қолдау сомасы екі есеге ұлғайтылды – 2,2 млрд теңгеден 4,5 млрд теңгеге дейін. Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджет есебінен 24 мыңға жуық медицина қызметкері біліктілігін арттыру курсынан өтті, – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы 529 дәрігер шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде әлеуметтік қолдау алған. Ал бір жыл бұрын мұндай көмек 254 дәрігерге көрсетіліп, жалпы сома 2,2 млрд теңгені құраған.
Сондай-ақ қолдау шаралары аясында тұрғын үйге арналған бюджеттік несиелер қарастырылған: аудан орталықтарындағы мамандар үшін – 2500 АЕК, ал ауылдық елді мекендер үшін – 2000 АЕК. Бұдан бөлек, 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі.
Медицина қызметкерлеріне балабақшадан орын беру, балаларына жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер жасау, әскери қызметті кейінге шегеру немесе мамандығы бойынша өтеу, сондай-ақ жол шығындарын өтеу секілді қолдау тетіктері де қарастырылған.
Бұдан бөлек, мәслихаттар қосымша ынталандыру шараларын қабылдап жатыр. Оның ішінде субсидиялар, байланыс қызметіне, жалдау ақысына және коммуналдық төлемдерге өтемақы беру бар.
2025 жылы 1760 дәрігер түрлі қолдау шараларын алғаны атап өтілді: 727-сіне қызметтік баспана берілсе, 1714 маман көтерме жәрдемақы алған, 210 адам өтемақы мен өзге де жеңілдіктерге ие болған. Соның ішінде 1005 маман ауылдық жерлерге барған.
Сонымен қатар 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық келісімге қол қойылғаны хабарланды.