Бүгiн 2026, 14:24 Фото: istockphoto.com

Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар саны күрт артты

Жыл сайынғы өсім 35%-ға жетіп, ерте диагностика әсері байқалған.

Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар саны күрт артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Оның мәліметінше, қазіргі таңда елімізде психикалық бұзылыстар салдарынан мүгедектігі бар балалардың жалпы саны 32,4 мыңды құрайды.

Соның ішінде аутистикалық спектр бұзылысы бар балалардың саны 13,9 мың немесе 42,9%. Соңғы үш жылда аутизм салдарынан мүгедектігі бар балалар саны 7,6 мыңнан 13,9 мыңға дейін өсті, – делінген жауапта.

Жыл сайынғы өсім шамамен 35%-ды құрайды.

Сондай-ақ бұл көрсеткіштің артуы анықтау деңгейінің жоғарылауымен және ерте диагностика жүргізумен байланысты екені айтылды. Атап айтқанда, M-CHAT ерте скрининг жүйесінің енгізілуі әсер еткен. Бұған дейін аутистикалық спектр бұзылысы бар балалар статистикаға толық енгізілмей келген.