Қазақстанда ауруханалардың саны 7 пайызға өсті

Биылдың басынан бері есеп бойынша, елімізде 872 аурухана ұйымы жұмыс істеп келеді, бұл бір жыл бұрынғыдан 6,6%-ға артық, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ranking.kz-тің хабарлауынша, өңірлер бойынша аурухана ұйымдарының ең көп саны Шымкент қаласында орналасқан – 101, жылдық өсім – 14,8%-ға. Одан кейінгі орында Алматы (88 ұйым), Жамбыл және Түркістан облыстары (әр облыста 56 ұйым).

Ең аз аурухана ұйымдары Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

Осы аурухана ұйымдарында жыл басында 106,3 мың төсек-орын тіркелді. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,1%-ға артық.

Ең көп аурухана төсек-орны Алматыда, саны - 13 мың, бір жыл ішінде 7,6%-ға өскен. Көшбасшы өңірлер қатарында Түркістан облысы (10,4 мың, 2,5%) және Астана (8 мың, 0,9%) да бар. Ең аз аурухана төсек-орындары Ұлытау аймағындағы ауруханаларда, саны - 1,1 мың, - делінген статистикалық мәліметте.

Төсек-орын санының ең көп жылдық өсімі Жамбыл облысында (19,3%, 7,2 мыңға дейін), ең азы Ұлытау облысында (плюс 0,5%) тіркелді. Ал төсек-орын санының ең көп қысқаруы Шығыс Қазақстан облысында байқалды, шамамен 12%-ға, яғни 4 мыңға дейін.

Премьер-министрдің ресми ресурсының мәлімдеуінше, соңғы бес жылда Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, медициналық жабдықтар сатып алуға 261 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл ретте инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары – 50% болып қалып отыр, ал жұмыс істеп тұрған нысандардың жартысы 40 жылдан астам жұмыс істеп тұр. Елімізде медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан жоғары болса, жабдықтардың тозуы салдарынан қызмет көрсету сапасы төмендеп отыр.

Биыл қаңтар-наурыз айларында Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау қызметінің көлемі 719,8 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,6%-ға артық. Оның ішінде бюджет есебінен – 266,4 млрд теңгенің, халық есебінен – 31,3 млрд теңгенің, кәсіпорындар есебінен – 66,8 млрд теңгенің қызметтері көрсетілді.

Саладағы қызметтердің жалпы көлемінің жартысы ауруханалар қызметінен түсті: 364,5 млрд теңге, бір жыл ішінде +3%. Соның ішінде ауруханалардың хирургиялық бөлімшелері 69,5 млрд теңгеге, гинекологиялық бөлімшелер мен перзентханалар – 37,1 млрд теңгеге, оңалту орталықтары – 16,3 млрд теңгеге, психиатриялық стационарлар – 13,2 млрд теңгеге қызмет көрсетті.

Денсаулық сақтау қызметінің тағы 21%-ы жалпы дәрігерлік практика саласында – 151,2 млрд.теңге сомасында көрсетілді, бұл өткен жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 3,7%-ға аз. Одан кейін мамандандырылған медициналық практика (57,7 млрд теңге) және стоматология (40 млрд теңге) қызметтері келеді.

Саладағы қызметтердің құнына келетін болсақ, ағымдағы жылдың маусым айының соңында амбулаторлық-емханалық қызметтердің бағасы бір жыл ішінде 12,7%-ға өсті. Бұл ретте айлық динамика бойынша бағалар аздап – 0,3%-ға төмендеді.

Атап айтқанда, ай сайынғы динамика бойынша дәрігердің алғашқы қабылдауына жазылу бағасы 2,3%-ға, дәрігерлік амбулаториялардағы медициналық мамандардың қызметі 1%-ға төмендеді, бірақ стоматологиялық қызмет керісінше 0,1%-ға, сондай-ақ медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтері – 0,2%-ға қымбаттады.

Жылдық динамика бойынша медициналық зертханалар мен рентген кабинеттерінің қызметтеріне бағалар 10,5%-ға, дәрігерлік амбулаториялардағы дәрігерлердің қызметтері 10,8%-ға, дәрігердің алғашқы қабылдаулар 12,8%-ға, стоматологиялық қызметтер 13,8%-ға қымбаттады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы