Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті кім ала алады?
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек кімге және қандай көлемде тағайындалады? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің бас сарапшысы Шыңғыс Шакіл жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының мәліметінше, Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетіледі.
2025 жылдан бастап кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35%-ы деңгейінде белгіленеді. Алайда ол өңірлік күнкөріс минимумының 70%-ынан төмен болмауы тиіс. АӘК мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы табысы арасындағы айырмашылық негізінде есептеледі.
Әлеуметтік көмек тоқсан сайын шартсыз және шартты ақшалай төлем түрінде тағайындалады. Егер отбасында еңбекке жарамды адамдар болмаса немесе объективті себептермен жұмыс істей алмаса, көмек ешқандай шартсыз беріледі. Ал еңбекке жарамды азаматтары бар отбасыларға АӘК жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда және әлеуметтік келісімшарт жасалған соң ұсынылады, - деді Шакіл.
Атаулы әлеуметтік көмек қалай көрсетіледі:
- ай сайынғы ақшалай төлемдер;
- жұмысқа орналасуға немесе жеке ісін бастауға арналған гранттар;
- біліктілікті арттыру курстары арқылы жұмыспен қамтылуға жәрдемдесу;
- 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға ай сайын 1,5 АЕК мөлшерінде төлем.
Көмекті қалай алуға болады?
АӘК алу үшін азаматтар eGov порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына, сондай-ақ жергілікті әкімдікке жеке куәлік пен өтінішпен жүгіне алады.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңгеге тең.