Қазақстанда Астана есімді қанша адам бар екені белгілі болды

Астана күні қарсаңында елімізде қанша адамның есімі Астана деп қойылған белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда Астана есімді 24 адамның тұратынын мәлім етті. Олардың 17-сі ер адам болса, 7-еуі әйел. 

Өткен жылы да елде дәл осы есімді иеленген 24 адам болған. Астананың ресми түрде жарияланған жылы Астана есімі екі ұл балаға берілген. 

Бұл есімі ең көп тіркелген өңір осы елорда екен. Мұнда Астана есімді 4 адам тұрады. Сонымен қатар, Шымкент қаласында, Маңғыстау және Түркістан облыстарында Астана есімді үш адамнан бар. 

Деректерге сәйкес, Астана есімді 6 бала 15 жасқа толмаған. 15 пен 19 жас аралығында 5 жасөспірім болса, 2 адам 20-24 жас аралығында екен. 25–29 жас тобында бұл есімді 3 адам иеленсе, 30–34, 40–44 және 60–64 жас аралықтарында 1 адамнан бар. Ал 50–54 жас аралығында Астана есімді үш адам тіркелген. 

Сонымен бірге, бұл есім 65 жастан асқан екі адамға да қойылған. 

Қазақстан азаматтарының арасында Астанай есімді 5 адам бар екен. Астанали есімі 3 ер адамға қойылған. Ал Нұрастана есімі 5 ұл мен 1 қызға берілген. Астананың басты нышандарының бірі "Бәйтерек" монументінің құрметіне 41 адамға Байтерек есімі берісе, Бәйтерек есімі 30 адамда кездеседі. 

Биыл 6 шілдеде Астананың 27 жылдығы тойланады. 

Айта кетейік, жаңа астананың ресми таныстырылымы 1998 жылдың 10 маусымында өткен болатын.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2025 жылы туған сәбилерге жиі қойылған есімдер белгілі болған еді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы