Қазақстанда «Астана» есімді 26 адам тұрады
Елорда күніне орай Ұлттық статистика бюросы бас қала туралы қызықты деректерді жариялады.
Елорда күні қарсаңында Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның бас қаласы туралы қызықты статистикалық мәліметтерді жариялады. Соның бірі – елімізде 26 адамның есімі Астана екені.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Астана халқының саны 1 674 699 адамды құрайды. Оның ішінде 884 029-ы әйел, 790 670-і ер адам. Қала тұрғындарының орташа жасы – 30,9 жас, ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы 78,8 жыл.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылы елордада 27,4 мың сәби дүниеге келген. Қазір 18 жасқа дейінгі тұрғындардың саны 545 мың адамға жеткен. Оның ішінде 280 мыңы – ұл, 265 мыңы – қыз. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында қалада 3 469-дан астам неке тіркелген.
Сондай-ақ халықтың қартаю индексі 22,9-ды құрайды. Бұл әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 22,9 адамның келетінін білдіреді.
Елордада кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда қалада 274 285 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. 18,5 мыңға жуық құрылыс компаниясының жұмыс істеуі бойынша Астана республикада бірінші орында. Бұдан бөлек, қалада 6 819 қоғамдық тамақтану орны бар. Бұл көрсеткіш бойынша елорда Алматыдан кейінгі екінші орында. Тұрғын үй қоры 576 мың пәтерді қамтиды.
Қалада 31 театр, 35 кітапхана, 24 саябақ және 5 музей жұмыс істейді. Ал 443,4 мың абонент тұрақты интернет қызметін пайдаланады.
Астана еліміздің ірі туристік орталықтарының бірі болып қала береді. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елордадағы қонақүйлер 67,9 мың шетелдік туристі қабылдаған. Қазіргі уақытта қалада алты бес жұлдызды қонақүй жұмыс істейді.