Қазақстанда әскери жүйені реформалау жоспары таныстырылды
Жоспар мемлекеттің әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар институционалдық өзгерістерді қамтиды.
Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Төрағаның орынбасары Аида Балаева әскери жүйені реформалау жоспарының негізгі бағыттарын таныстырды. Құжат халықаралық тәжірибе, заманауи ұрыс жүргізу тәсілдері және отандық мамандардың ұсыныстары негізінде әзірленген.
Жоспар мемлекеттің әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар институционалдық өзгерістерді қамтиды. Атап айтқанда, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру және армияның негізгі құрамдас бөліктерін нығайту көзделген.
Мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісі енгізіледі
Реформаның маңызды бағыттарының бірі – мерзімді әскери қызметті екі кезең бойынша ұйымдастыру. Жоспарға сәйкес, әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында әскери даярлықтан өтеді. Келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында нақты міндеттерді орындауға басымдық беріледі.
Әскери қызметшілердің құқықтары мен қауіпсіздігіне басымдық беріледі
Жоспарда әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Осы мақсатта әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар әскери жарғы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, жарғыға қайшы әрекеттерге жол бермеу және әскери тәртіпті нығайту шаралары қарастырылған.
Жастардың әскери-патриоттық даярлығы жетілдіріледі
Реформа аясында «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту көзделген. Бұған қоса, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлық сапасын арттыру жоспарланып отыр.
Ұсынылған өзгерістер әскери басқару жүйесін жетілдіруге, Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығын күшейтуге, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға және жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін дамытуға бағытталған.
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспарының негізгі бағыттары мен оны іске асыру кезеңдері туралы баяндады.
Реформаның маңызды бағыттарының бірі – Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау және Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру. Бұл шаралар әскери тәртіпті нығайтуға және қоғамның армияға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Жоспарға сәйкес, ұйымдастырушылық шаралар осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер келесі жылы жүзеге асырылады.
Жиын барысында Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру жүргізетін комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Мемлекет басшысы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүкіл мемлекетке ортақ міндет екенін атап өтіп, осы бағытта барлық мүдделі мемлекеттік органның үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін ескертті.
Отырыс қорытындысы бойынша Әскери реформа жоспары мақұлданды. Президент жоспарланған өзгерістерді белгіленген мерзімде әрі толық көлемде іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
Жоспардың орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.