Бүгiн 2026, 15:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда әскери қызметшілер шағымын цифрлық жүйе арқылы жолдай алады

Жаңа жүйе әскери қызметшілердің өтініштері мен шағымдарын жедел қарауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда әскери қызметшілерге арналған цифрлық шағым беру жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Жаңа сервис Бас әскери прокуратура үйлестіретін «Цифрлық профилактика» ведомствоаралық бағдарламасы аясында енгізілді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жүйе әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери ұжымдарда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.

Цифрлық жүйе арқылы әскери қызметшілер күш қолдану, заңсыз ақша жинау, психологиялық қысым көрсету және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер туралы жедел хабарлай алады.

Түскен өтініштерге жедел әрекет ету үшін Қарулы күштердің Бас әскери полиция басқармасында бірыңғай «Жедел желі» call-орталығы жұмыс істейді. Ведомствоның мәліметінше, келіп түскен әрбір хабарлама белгіленген тәртіппен қаралып, тиісті шаралар қабылданады.

Профилактиканың цифрлық құралдарын енгізу әскери тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және әскери қызметті қауіпсіз жағдайда өткеруге ықпал етеді, – деді ҚР Қарулы күштері Бас әскери полиция басқармасының профилактика басқармасының бастығы, подполковник Әділхан Қалиев.

Оның айтуынша, әскери қызметшілер заң бұзушылықтарға бейжай қарамай, құқыққа қайшы әрекеттер туралы уәкілетті органдарға дер кезінде хабарлауы қажет.

Қорғаныс министрлігінің пікірінше, өтініштерге жедел ден қою құқық бұзушылықтардың алғашқы кезеңде жолын кесуге және әскери ұжымдарда заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтініштер +7 700 081 11 19 нөмірі арқылы қабылданады.