Қазақстанда арнайы мемлекеттік жәрдемақыны кім ала алады?
Қазақстанда азаматтардың жекелеген санаттарына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 1999 жылдан бері төленіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жәрдемақының мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді. Ол 2 АЕК-тен 138 АЕК-ке дейін құрайды. АЕК көлемі ұлғайған сайын жәрдемақы да жыл сайын өсіп отырады.
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығы бар азаматтардың санатына мыналар кіреді:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
- Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері;
- қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары;
- қайтыс болған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің немесе Ленинград блокадасына қатысқан азаматтардың жұбайлары;
- Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері;
- үш дәрежелі "Еңбек Даңқы" орденінің иегерлері;
- Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы құрметті атағына ие болғандар;
- "Халық Қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алғандар;
- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлері;
- Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысқандар;
- саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендер;
- мүгедектігі бар азаматтар, зейнеткерлер;
- Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған тұлғалар және өзге де санаттағы азаматтар.
Бүгінде 208 мыңнан астам қазақстандық арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңгеге тең.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы