Бүгiн 2026, 11:38 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда әрбір екінші ересек адамның салмағы артық – зерттеу

Әлемдік рейтингте Қазақстан 199 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады.

Соңғы онжылдықта артық салмағы немесе семіздігі бар ересек Қазақстан тұрғындарының үлесі айтарлықтай өскен. Егер 1980 жылы бұл көрсеткіш 37%-ды құраса, 2024 жылға қарай 56%-ға жетті, деп BAQ.KZ ақпарат агенттігі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеу мәліметтеріне сәйкес, әр онжылдық сайын дене салмағының индексі (ДСИ) 25-тен жоғары қазақстандықтардың үлесі 3-6 пайыздық тармаққа артып отырған. Өсім қарқыны Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда төмен болғанына қарамастан, бүгінде еліміздің әрбір екінші ересек тұрғыны артық салмақтан зардап шегеді.

Әлемдік рейтингте Қазақстан 199 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы жаһандық деңгейде ересектердің орташа есеппен 45%-ында артық салмақ немесе семіздік белгілері болған.

Орталық Азия елдерінің ішінде ең жоғары көрсеткіш Өзбекстанда тіркелді. Яғни, ересек тұрғындардың 64%-ы. Одан кейін Түрікменстан мен Тәжікстан - әрқайсысында 58%-дан келеді. Ал Қазақстан мен Қырғызстанда бұл көрсеткіш 56%-ды құрады, – деп нақтылады сарапшылар.

Артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан адамдардың ең көп үлесі аралдық мемлекеттерде байқалады. Онда көрсеткіш 90-91%-ға дейін жетеді.

ДДСҰ мәліметінше, ең төменгі көрсеткіштер негізінен экономикасы төмен Африка елдерінде тіркелген.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әрбір екінші ересек артық салмақтан зардап шегетіні хабарланды