6 Тамыз 2026, 15:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Қазақстанда әр балаға 50 мың теңгеден беріледі: Көмекті кім және қалай алады?

Мектеп формасы мен оқу құралдарына берілетін ақша кімдерге төленеді? Министрлік түсіндірді.

Қазақстанда 2026-2027 жаңа оқу жылына дайындық жалғасып жатыр. Биыл мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын сатып алуға жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының есебінен 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсету жоспарланып отыр. 2026 жылы бір балаға берілетін ең төменгі материалдық көмек мөлшері 50 851 теңге. BAQ.KZ тілшісі бұл төлем кімдерге берілетінін, оған кімдердің құқығы бар екенін және кей жағдайда шешімді мектептің Қамқоршылық кеңесі қалай қабылдайтынын анықтады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мемлекет жыл сайын отбасылардың материалдық жағдайына байланысты балалардың мектептен қалмауы үшін әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асырады.

Оқушылар мектеп формасымен, аяқ киіммен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған. Соның арқасында еліміз бойынша 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсетіледі, – деп хабарлады министрліктің комитеті.

Бір балаға қанша ақша беріледі?

Материалдық көмектің нақты мөлшерін жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Алайда бір балаға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға бөлінетін сома ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы тиіс.

2026 жылы бұл көрсеткіш 50 851 теңге.

2022 жылдан бастап материалдық көмек ата-аналардың есепшотына ақшалай түрде аударылады. Соның арқасында әр отбасы баласының жасына, киім өлшеміне және жеке қажеттілігіне қарай қажетті заттарды өз қалауы бойынша сатып ала алады.

Көмекті ақшалай беру ата-аналарға жеткізушіні өздері таңдап, баланың жеке қажеттілігіне сәйкес киім, аяқ киім, оқу құралдары мен басқа да қажетті заттарды сатып алуға мүмкіндік берді, – делінген ресми жауапта.

Комитеттің мәліметінше, мұндай тәсіл әлеуметтік көмектің атаулылығын қамтамасыз етіп, бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді.

Бұл төлем кімдерге беріледі?

Материалдық көмек:

  • атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына;
  • жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына;
  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
  • төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасылардың балаларына;
  • сондай-ақ мектептің Қамқоршылық кеңесі айқындайтын өзге де санаттағы оқушыларға көрсетіледі.

Министрлік кейбір санаттағы азаматтарды анықтау процесі толық автоматтандырылғанын атап өтті. Ұлттық білім беру деректер базасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы мәліметтер сақталады.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп білім беру деректер базасын Бірыңғай цифрлық платформамен біріктірген.

Бұл санатқа жататын азаматтарды анықтау Отбасының цифрлық картасы мен мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Азаматтардан қосымша құжат талап етілмейді, – деп хабарлады комитет.

Ведомствоның мәліметінше, бұл жүйе отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын дәл бағалап, әлеуметтік көмектің негізсіз тағайындалу қаупін азайтады.

Қамқоршылық кеңесі арқылы көмек қалай беріледі?

«Өзге санаттағы оқушылар» үшін бөлек тәртіп қарастырылған. Бұл жағдайда материалдық көмек көрсету туралы шешімді білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесі қабылдайды.

Ол үшін ата-анасы немесе заңды өкілі өтініш береді. Кейін мамандар отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын зерделеп, әлеуметтік және қаржылық ахуалына бағалау жүргізеді.

Бұл санат бойынша көрсетілетін көмек уақытша сипатқа ие. Ол тек өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға және бір тоқсаннан аспайтын мерзімге ғана беріледі, – деп түсіндірді министрлік.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын бір жүйеге біріктіретін композиттік қызметті енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Жаңа тетік іске қосылса, ата-аналар өздеріне қажетті мемлекеттік қолдау түрлерін бір жерден таңдай алады.

Министрлік бұл бастама әкімшілік рәсімдерді қысқартып, балаларды жаңа оқу жылына дайындау кезінде мемлекеттік қолдау алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді деп күтіп отыр.

Еске салсақ, биыл 450 мыңға жуық бала мектепке дайындалуға қаржылай көмек алатыны хабарланған болатын. Бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері 50 851 теңгені құрайды.