Қазақстанда АҚШ университетімен бірлескен бағдарламаның алғашқы түлектері оқуын аяқтады
Бүгінде аталған серіктестік аясында 1 200-ден астам студент білім алып жатыр.
Петропавлдағы Kozybayev University мен Аризона университетінің бірлескен қос диплом бағдарламасы бойынша білім алған алғашқы түлектерге қазақстандық және америкалық жоғары оқу орындарының дипломдары табысталды.
Салтанатты рәсімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт және Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла қатысты.
Бүгінде аталған серіктестік аясында 1 200-ден астам студент білім алып жатыр. Оның 359-ы – қос диплом бағдарламасының студенттері. Екі университет алты қос диплом және 12 халықаралық білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, геномика, агротехнология, су ресурстары және басқа да бағыттар бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуде.
Министрліктің мәліметінше, алғашқы түлектердің оқуын аяқтауы Қазақстандағы халықаралық академиялық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетіп, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндік ашады.