21 Қараша 2026, 23:27 Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда АҚШ-тың Kent State University университетінің филиалы ашылуы мүмкін

Қазақстанда ашылатын жаңа білім беру орталығы тек отандық еңбек нарығына ғана емес, тұтас Орталық Азия өңіріне қажетті мамандар даярлауға бағытталмақ.

Қазақстанда америкалық Kent State University университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасованың АҚШ жоғары оқу орны делегациясымен өткен кездесуінде талқыланды. Делегацияны университеттің атқарушы вице-президенті әрі проректоры Мелоди Танкерсли басқарды.

Кездесу барысында тараптар авиациялық білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын қарастырып, Kent State University филиалын Қазақстанда ашу жөнінде уағдаласты.

Kent State University – авиация саласына мамандар даярлауда мол тәжірибесі бар америкалық жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің авиациялық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен. Сонымен қатар оқу орнының жеке әуежайы мен оқу-жаттығу ұшақтары бар.

Қазақстанда ашылатын жаңа білім беру орталығы тек отандық еңбек нарығына ғана емес, тұтас Орталық Азия өңіріне қажетті мамандар даярлауға бағытталмақ. Атап айтқанда, мұнда ұшқыштар, инженерлік-техникалық қызметкерлер және әуе қозғалысын басқару диспетчерлері оқытылуы мүмкін.

Көлік министрі авиация саласына білікті кадрлар даярлау және білім берудің озық халықаралық стандарттарын енгізу Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға мүдделі екенін білдіріп, жобаны егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстарын сарапшылық деңгейде жалғастыруға келісті.