23 Қыркүйек 2026, 18:51 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

Қазақстанда АПВ-ға қарсы алғашқы ресейлік вакцина пайда болуы мүмкін

Елімізде ресейлік вакцинаны тіркеу процесі басталды.

Қазақстан нарығына адам папиллома вирусына қарсы алғашқы ресейлік вакцинаны шығару жоспарланып отыр. Препаратты тіркеу үшін қажетті құжаттар қазірдің өзінде тапсырылған. Оған рұқсатты 2026 жылдың соңынан 2027 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі аралықта алу күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС-қа сілтеме жасап.

Вакцинаны әзірлеуші «Нанолек» компаниясы Қазақстан, Беларусь, Армения және Қырғызстанда препаратты тіркеуге қажетті құжаттарды қатар тапсырған.

Препараттың өзі Ресейде азаматтық айналымға шығарылды. 30 мың дозадан тұратын алғашқы партия қыркүйек айының соңында Ресейдің медициналық ұйымдарына жеткізілуі тиіс. Компания жыл соңына дейін 600 мың доза өндіруді жоспарлап отыр. Ал екінші өндірістік учаске іске қосылғаннан кейін жылдық өндіріс көлемі 3 миллион дозадан асуы мүмкін.

Жаңа вакцина төрт валентті. Ол ВПЧ-ның 6, 11, 16 және 18 типтерінің алдын алуға арналған және 9 бен 45 жас аралығындағы адамдарға қолдануға тіркелген.

Препаратты толық циклмен өндіру 2025 жылдың қазан айында Киров облысында іске қосылды. Вакцинаны «Нанолек» компаниясы мен «Комбиотех» ғылыми-өндірістік кешені әзірледі. Өндіріс антигендерді алудан бастап дайын дәрілік түрді шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

АПВ бірқатар онкологиялық аурулардың дамуына байланысты. Вакцинация обырға дейінгі зақымданулар мен жатыр мойны обырының даму қаупін төмендетеді.

Егер тіркеу жоспарға сәйкес өтсе, ресейлік вакцина алдағы айларда Қазақстан нарығына шығуы мүмкін.