Тараптар 10 жылға жоспарланған ФАО–Қазақстан әріптестік бағдарламасының жүзеге асырылу барысын, аграрлық секторға инновациялық технологияларды енгізу және ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Негізгі құжаттарды әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Әрбір жоба халықаралық талаптарға және еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы басым бағыттарға толық сай келеді. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға тың серпін береді. Біз ФАО-мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және тәжірибе алмасуды күшейтуге мүдделіміз, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Алғашқы жоба топырақтағы органикалық көміртекті бақылау, бағалау және растаудың ұлттық жүйесін құруға бағытталған. Бұл жер ресурстарын тиімді басқаруға, топырақ құнарын арттыруға және көміртек нарығын дамытуға мүмкіндік береді.
Екінші жоба аясында жасанды интеллект пен дрондардың көмегімен шегіртке зиянкестерінің таралуын бақылау және болжау жүйесі жетілдіріледі. Бұл зиянкестердің ошақтарын жылдам анықтап, болжамдардың нақтылығын арттыруға жол ашады.
Үшінші бастама – "Қазақстандық сорттар мен тұқымдар" ұлттық жобасы. Оның аясында отандық селекцияны дамытуға, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын қолдауға және Алматының әйгілі апорт алмасын қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембековтің айтуынша, ғалымдар жабайы Сиверс алмасының генетикалық қорын пайдалана отырып, апортты көбейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір Алматы облысында 10 гектар жерге апорт көшеттері отырғызылған. Келесі жылы тәлімбақ көлемін 100 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, апорт өзінің ерекше түсі, хош иісі мен дәмін теңіз деңгейінен 900–1200 метр биіктіктегі таулы аймақтарда ғана толық сақтайды.
Апорттың алғашқы жемісін беруіне 7–8 жыл қажет. Қазір 2015 жылы отырғызылған бес гектар алқаптағы ағаштар өнім бере бастады. Бұл жобаны іске асыруға 500 миллион теңгеден астам қаржы бөлу көзделген, оның алғашқы 50 миллион теңгесі игерілді, – деді институт басшысы.
Алдағы екі күнде министрлік, ФАО, БҰҰ агенттіктері, ғылыми ұйымдар, салалық қауымдастықтар мен жеке сектор өкілдері жобалардың техникалық тетіктерін нақтылап, жылдық жұмыс жоспарын бекітіп, халықаралық тәжірибе алмасады.