Қазақстанда аналарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі
Қазақстанда әйелдер мен көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар олардың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған. Мемлекет түрлі жеңілдіктер, жәрдемақылар, тұрғын үй жағдайын жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндіктерін ұсынады. BAQ.KZ тілшісі әлеуметтік қолдау шараларына жеке тоқталып өтуді жөн көрді.
Жеңілдіктер мен жәрдемақылар
Елімізде отбасылар мен көпбалалы аналарды қолдау үшін бірнеше әлеуметтік төлем түрі бар. Олар табыс деңгейіне қарамастан, республикалық бюджеттен төленіп келеді.
Біржолғы жәрдемақы. Бұл жәрдемақы бала дүниеге келген кезде бір рет беріледі. 2025 жылғы мөлшері:
- Бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (149 416 теңге)
- Төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК (247 716 теңге)
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы
Бұл төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі. Оның мөлшері отбасындағы балалар санына байланысты сараланады. Оның мөлшері - 5,76 АЕК-тен 8,90 АЕК-ке дейін.
Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға төленетін жәрдемақы тағы бар.
Бұл жәрдемақыны анасы, әкесі, асырап алушысы, қамқоршысы немесе қорғаншысы ала алады. Мөлшері – 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД).
"Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлеріне арналған жәрдемақы
Бұл жәрдемақы көпбалалы аналарға олардың табысына қарамастан төленеді:
- "Күміс алқа" иегерлері – 6,4 АЕК
- "Алтын алқа" иегерлері – 7,4 АЕК
Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы төлемнің мөлшері отбасындағы бала санына байланысты есептеледі:
- 4 баласы бар отбасылар – 16,03 АЕК
- 5 баласы бар отбасылар – 20,04 АЕК
- 6 баласы бар отбасылар – 24,05 АЕК
- 7 баласы бар отбасылар – 28,06 АЕК
- 8 және одан көп баласы бар отбасылар – әр балаға 4 АЕК.
Осы және өзге де жәрдемақылар туралы мақаламаызды мына сілтеме арқылы оқуға болады.
"Ұмай" жеңілдетілген ипотекасы
Бүгінде әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған арнайы бағдарламалар бар. «Отбасы банк» пен Азия даму банкі бірлесіп, «Ұмай» ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Үш жыл ішінде бұл бағдарлама 3 660 қазақстандық әйелге баспана сатып алуға көмектесті.
Жалпы несие көлемі – 41,2 млрд теңге. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған әйелдер де енді мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне жеке санат ретінде енгізілетін болады.
«Ұмай» бағдарламасы әйелдердің баспаналы болуын қолдау мақсатында іске қосылған. Сондықтан несие тек әйелдерге беріледі, ер адамдарға бұл бағдарлама қолжетімді емес.
Қарыз ұзақ мерзімге, яғни 25 жылға дейін беріледі. Бағдарлама арқылы тұрғын үй сатып алған әйелдерге салықтық жеңілдіктер қарастырылғанын да айта кетейік.
Негізгі шарттары:
- Бастапқы жарна – 15%-дан басталады.
- Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 12%-дан.
- Бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі.
- Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарға, жалғызбасты аналарға басымдық беріледі.
Осы тұста көпбалалы аналар қандай бағдарламамен баспана ала алатыны туралы мақаламызды оқуға кеңес береміз.
Салықтан босату
Қазақстанда көпбалалы аналар үшін жеке табыс салығынан (ЖТС) босату қарастырылған. Бұл жеңілдік төрт және одан да көп баласы бар аналарға қолданылады.
Кімдер босатылады:
- Төрт және одан көп баласы бар аналар.
- "Алтын алқа" немесе "Күміс алқа" иегерлері.
- Батыр ана атағы барлар.
Қандай табыс босатылады:
- Жалақыдан ұсталып отырған жеке табыс салығы (10%) алынбайды.
- Егер ана жеке кәсіпкерлікпен айналысса, белгілі бір шектеулермен салықтық жеңілдіктер қолданылады.
Құжаттар қандай керек:
- Көпбалалы ананың куәлігі немесе марапаттау белгісі (Алтын/Күміс алқа).
- Жұмыс орнынан өтініш және қажетті құжаттар тапсыру қажет.
Бұл шара отбасылардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған және аналардың еңбек нарығындағы жағдайын жақсартуға көмектеседі.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау
Үкімет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөлуде. Шағын және орта бизнес иелерінің құрылымында әйел кәсіпкерлердің үлесі 48%-ға жетті. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асып жатыр.
Мәселен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қызмет еткен кезең ішінде 4,1 млрд теңге көлемінде 105 мыңнан астам әйелдің жобасына қолдау көрсетті.
Сондай-ақ шағын және орта бизнеспен (ШОБ) айналысатын әйелдерге мемлекеттік гранттар беріледі. Бұл гранттар әйел кәсіпкерлерді қолдауға және олардың бизнесін дамытуға бағытталған.
Негізгі шарттар мен мүмкіндіктер:
- Грант көлемі – 400 АЕК-ке дейін (шамамен 1,4 млн теңге).
- Қайтарымсыз негізде беріледі, яғни кәсіпкер ақшаны қайтармайды.
- Жаңадан бизнес бастайтын және кәсіпті дамытқысы келетін әйелдерге арналған.
- Арнайы бизнес-жобасы болуы шарт (инновациялық, әлеуметтік немесе өндірістік бағытта).
- "Бастау Бизнес" немесе басқа да кәсіпкерлік курстарын аяқтау міндетті.
- Әлеуметтік осал топтарға жататын әйелдерге басымдық беріледі (көпбалалы аналар, мүгедек баласы барлар, аз қамтылғандар).
- Өтініш қабылдау онлайн және офлайн түрде "Атамекен" ҰКП арқылы жүзеге асады.
- Кәсіпкерлікке арналған шығындарды өтеуге рұқсат етіледі (жабдықтар, шикізат, құрал-жабдық алу).
- Бюджетті мақсатсыз жұмсауға болмайды, грантты алған кәсіпкер оны тек келісілген жобасына пайдалануы тиіс.
- Өтінімдерді қарау процесі конкурс негізінде өтеді, жеңімпаздар арнайы комиссия шешімімен анықталады.
Бұл гранттар әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға, өз ісін бастауға және қаржылай қолдау алуға мүмкіндік береді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң
Президент тапсырмасы бойынша, Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау» басқармасы құрылды. Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстарды тергеу үшін арнайы әйел тергеушілер тағайындалды (республика бойынша тергеу-жедел топтарына 280 әйел тергеуші енгізілді).
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар 16 мың әйелдің құқығын қорғады.
Аталмыш заңдағы жаңашылдықтардың бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігі үйлестіретін бірыңғай Отбасын қолдау орталықтары желісін құру. Осыған байланысты 2024 жылдың маусым айынан бастап мұндай орталықтардың саны 33-тен 104-ке дейін артты.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі (МАМ), Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ), Ішкі істер министрлігі (ІІМ) және Денсаулық сақтау министрлігі (ДС) мамандарынан құралған мобильді жұмыс топтары құрылды.
Сонымен қатар, Қазақстан 1995 жылы Бейжің декларациясына қосылғаннан бері тұрақты гендерлік саясатты қалыптастыру бағытын нық ұстанып келеді. Ұлттық және халықаралық қағидалар бірдей назарға алынған. Осы мақсатта Қазақстанда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді.
Атап айтқанда, Ұлттық комиссия сарапшылары заң шығару процесіне белсенді түрде атсалысады. Олардың қатысуымен отбасылық-тұрмыстық құқықтар мен бостандықтарды және балаларды қорғауды қамтамасыз ететін 50-ден астам заңнамалық акт әзірленді.
Сондай-ақ, Ұлттық комиссияның сараптамалық топтары өңірлерді аралайды. 2024 жылы 2 мың әйел, оның ішінде 134 көпбалалы отбасы қамтылды. Жергілікті жерде мәселелерге кешенді талдау жасалып, өңірлік ерекшеліктер назарға алынып, шешімдер шығарылды.
Әйелдер мемлекеттік қызметте
Мемлекет басшысының бастамасымен жетекші билік органдарында әйелдерге арнайы квоталар берілді. Нәтижесінде, Парламент пен мәслихаттардағы әйелдер үлесі артты, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Қазіргі кезде Парламентте 28 әйел депутат бар, бұл жалпы депутаттар санының 18,9%-ы. Мәслихаттарда әйелдердің үлесі – 22,7%-ға (3 415 депутаттың 774-і) жетті.
Мемлекеттің 21 министрлігінде, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрліктерінде 3 әйел министр, 8 вице-министр, 3 аппарат басшысы бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынышты және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 6 әйел басшылық қызмет атқарады. Ел бойынша судья әйелдердің жалпы саны – 1 248 адам (53%).
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8%-ға (84 482 мемлекеттік қызметшінің 47 158-і – әйелдер) жетті. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің жалпы үлесі – 39,1% (23 947 басшының 9 363-і).
Мереке қарсаңында
Биыл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қазақстандық әйелдер қауымы бірреттік әлеуметтік төлем алады. Мәселен елордада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай 36 мыңға жуық көпбалалы және аз қамтылған анаға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Төлем мөлшері – 2,5 АЕК (9 830 теңге). Қаржы жергілікті бюджеттен бөлініп, "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы Астанада тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарға аударылады.
Сондай-ақ кей өңірлердегі "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері, "Батыр ана", "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар – 10 АЕК (39 320 теңге) алады. Ал 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар – 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде көмек алады.
Осы тұста Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 23 көп балалы отбасыға "Береке" коттедж қалашығынан баспана берілгенін де айта кетейік.
Жалпы биылғы мереке қарсаңында еліміздің қай өңірінде қанша төлем берілетінін мына шолумыздан танысуға болады.