Қазақстанда "алтын виза" енгізіледі

Бүгін, 2025 жылғы 30 сәуірде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елде инвестициялық, яғни "алтын виза" бағдарламасының іске қосылғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жаңа виза шетелдік азаматтарға 300 мың АҚШ долларын қазақстандық экономикаға салу арқылы ұзақ мерзімді тұруға ықтиярхат алуға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, шетелдіктер бұл соманы қазақстандық компаниялардың жарғылық капиталына немесе жергілікті эмиссиялық бағалы қағаздарға инвестициялау арқылы сала алады.

Инвестициялық виза 10 жылға дейінгі мерзімге берілмек және электронды өтініш арқылы рәсімделеді.

Қазақстан үкіметі бұл қадамды елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, капитал мен технологияны тартудың, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен ұзақ мерзімді әріптестік орнатудың тиімді құралы ретінде қарастырып отыр.

Айта кетейік, мұндай бағдарламалар Еуропа, АҚШ, БАӘ және Сингапур сияқты елдерде бұрыннан қолданылып келеді және нақты нәтижелерін көрсеткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы