Қазақстанда "алтын виза" алғандарға қандай жеңілдіктер беріледі?
Қасым-Жомарт Тоқаев алтын визаны не үшін енгізгенін айтты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік кәсіпкерлерге, инвесторларға және білікті мамандарға арналған «алтын виза» енгізудің себебін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің сөзінше, Қазақстан аймақтағы цифрлық және инвестициялық хабқа айналуды көздеп отыр. Осы мақсатта елге таланттар мен халықаралық капитал тартуға бағытталған жаңа көші-қон тетіктері іске қосылған.
Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға және білікті мамандарға арналған «алтын виза» енгіздік, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай виза алған азаматтар Қазақстандағы мемлекеттік және құқықтық қызметтерге ел азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алатынын атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда әлемде технологиялық бәсеке күшейіп, мемлекеттердің дамуы цифрландыру мен инновацияға тікелей байланысты болып отыр. Сондықтан Қазақстан халықаралық IT-мамандар мен технологиялық компаниялар үшін қолайлы орта қалыптастыруға басымдық беріп жатыр. Тоқаев еліміздің цифрлық трансформация бағытын жалғастыра беретінін айтты.
Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – еліміздің стратегиялық мақсаты, – деді Президент.
Мемлекет басшысы осы бағытта Қазақстанда екі суперкомпьютер іске қосылғанын, ал келесі кезеңде деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев «Алтын виза» алғандарға берілетін басты жеңілдіктерді атады.