Қазақстанда алғаш рет вирустан таза алма көшеттері өсіріле бастады
Жоба бау-бақша шаруашылығын дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда алғаш рет алманың вирустан таза көшеттерін өндіруге арналған бірегей жоба жүзеге асырылып жатыр. Ғалымдар отандық сорттарды заманауи биотехнологиялық әдістер арқылы сауықтырып, сапалы көшет қорын қалыптастыруда. Бұл Қазақстандағы осы бағыттағы алғашқы әрі әзірге жалғыз жоба болып саналады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жобаның негізгі мақсаты – отандық бау-бақша шаруашылығын дамыту, көшет материалының сапасын арттыру және импортқа тәуелділікті азайту. Пилоттық жоба нәтижесінде «Жетісу 5», «АРМ-18», «Б-16-20», «Б-7-35» атты отандық алма телітушілері, сондай-ақ «Айнұр», «Салтанат» және «Восход» секілді перспективалы қазақстандық сорттар вирустан толық тазартылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, отандық жоғары сапалы көшет өндірісін жедел дамыту үшін жоба шеңберінде Нидерланд Корольдігінен әлемдік нарықта сұранысқа ие 12 түрлі алма телітушісінің 7,9 мың түбі және шетелдік селекцияға жататын 20 сорттың 2,2 мың түбі әкелінген.
Сонымен қатар Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар өңірлік филиалы базасында аумағы 0,5 гектар болатын еліміздегі алғашқы вирустан таза аналық бақ құрылды. Қазіргі уақытта аумағы 1,5 гектар болатын жаңа аналық бақты қалыптастыру үшін көшеттер дайындалуда.
Алдағы кезеңде институт қазақстандық бағбандарды «М9», «М7», «В9», «ММ106», «М111» секілді сұраныс жоғары телітушілермен, сондай-ақ «Гренни Смит», «Гала», «Фуджи», «Джонаголд» және басқа да танымал сорттардың сертификатталған, вирустан таза көшеттерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Мамандардың пікірінше, бұл жоба Қазақстанда сауықтырылған көшет материалын өндірудің заманауи жүйесін қалыптастыруға, жеміс өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті бау-бақша шаруашылығын дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.