Қазақстанда алғаш рет театрда оңалту орталығы ашылды
"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театры жанында оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оңалту орталығының ашылу рәсімінде театр директоры Ғалым Ахмедьяров орталықты салған "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа алғыс білдірді.
Қазақстан театрлары арасында бірінші рет осындай оңалту орталығы театр ішінде ашылды. Біздің балет және оркестр әртістерінің жарақат алу қаупі жоғары. Сондықтан енді жұмыстан алыстамай емделіп алатын оңалту орталығымыз бар. Осындай мүмкіндік бергеніңізге алғыс білдіреміз, – деді театр директоры.
Оңалту орталығын реабилитолог дәрігер Эдуард Варушкин таныстырды.
Кез келген көпбейінді аурухана мұндай оңалту орталығына қызығар еді. Оңалту орталығы толықтай автоматтандырылған, сенсорлық басқаруы бар соңғы буын технологияларымен жабдықталған. Мұнда физиотерапиялық процедуралардың толық кешені бар. Яғни пациенттің проблемасына жан-жақтан келе аламыз, – деді ол.
"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының балет солисі Сұлтанбек Омар оңалту орталығы әсіресе театрда жұмыс істейтін әртістер үшін үлкен қуаныш екенін айтып, орталықтың маңызын түсіндірді.
Бұл оңалту орталығының біздің салада маңызы өте жоғары. Өйткені жұмысымызға байланысты біздің денемізге келетін ауыртпалықтар, зақымдар көп. Сол себепті орталықтың театр ішінде ашылуы жұмыс тәртібі ұзақ, тығыз болғандықтан бір жағынан уақытымызды үнемдейді. Сондай-ақ қаржымызды да көп үнемдейді. Өйткені ем-домды жекеменшік оңалту орталықтарында алатынбыз, – деді балет солисі.