Қазақстанда алғаш рет студенттер арасындағы Enactus World Cup басталды

2 қазан күні Астанада «Enactus World Cup 2024» Әлемдік Чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Enactus Әлем кубогы – әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған студенттер үшін жылдың ең маңызды оқиғасы. Студенттік кәсіпкерлікті дамыту жастарды әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді тартуға мүмкіндік береді, шағын және орта бизнеске жол ашады.

Салтанатты шараның ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау лебізін жеткізді.

«Enactus World Cup» жобасы жастарға жігер беріп, көшбасшылық қабілетті дамытуға көмектеседі. Жолдарыңыз ашық болып, әркез белсенді, икемді болыңыздар. Алдағы күндері әр ел жастарының инновациялық идеяларға толы бизнес жобаларын тамашалайтын боламыз. Әлемдік чемпионаттың еліміздің астанасында өтуі – айтулы оқиға, - деп шараның маңыздылығына тоқталды.

Enactus World Cup – әлемнің 33 елінен мыңдаған студенттерді, кәсіпкерлерді, академиялық лидерлер мен корпоративтік бизнес басшыларын біріктіреді. Шараға жиналған қонақтар алдымен әлемнің 33 елінен келген 3000-нан аса қатысушының, атап айтқанда, АҚШ, Канада, Польша, Италия, Германия, Португалия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Бразилия сынды мемлекеттердің мәдени жәрмеңкесін тамашалады. Жетісулық студенттерден құралған «ENACTUS KAZAKHSTAN» командасы ұйымдастырған жәрмеңкедегі ұлттық тағамдарға шетелдік қонақтар қызығушылық танытып, тамсана ауыз тиді.

Іс-шара соңында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Ермек Бөрібаев еліміздің көк туын көтеріп шыққан университет студенттеріне қолдау білдіріп, жарыс жолына сәттілік тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Өзгелердің жаңалығы