Қазақстанда алғаш рет балалардың құқығын қорғайтын жеке басқарма құрылды
Маман жаңа басқарма қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Алматы қаласының Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстанда алғаш рет балалардың құқығын қорғайтын жаңа басқарманың қызметі, өкілеттіктері және балалардың құқықтарын қорғау тетіктері туралы жан-жақты түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жанат Айтпаеваның айтуынша, бұл жай ғана жаңа мемлекеттік органның құрылуы емес.
Ең алдымен ерекше атап өткім келетіні, бұл – жай ғана жаңа мемлекеттік орган емес. Алғаш рет заңнамалық деңгейде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке уәкілетті органдардың мәртебесі бекітілді. Олардың өкілеттіктері, функциялары және жұмыс тетіктері нақты айқындалды, – деді ол.
Оның сөзінше, жаңа жүйеде кейс-менеджмент институты енгізіліп, қызметкерлердің жұмысына қойылатын талаптар қайта қаралған. Оның ішінде арнайы қызметтік киім кию талабы да бекітілген.
Басқарма қызметкерлеріне кең өкілеттік берілді
Жанат Айтпаева басқарма қызметкерлеріне заң аясында кең құқықтар берілгенін айтты. Оның мәліметінше, енді басқарма мамандары кәмелетке толмаған балалар орналасқан мемлекеттік органдарға, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт ұйымдарына еш кедергісіз кіріп, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына мониторинг жүргізе алады.
Сонымен қатар басқарманың заңды қызметіне кедергі келтіргендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда айыппұл салынады.
Осылайша мемлекет балалардың құқықтарының бұзылуын дер кезінде анықтауға, туындайтын тәуекелдерге жедел әрекет етуге және әрбір баланы кешенді қорғауға мүмкіндік беретін құқықтық негіз қалыптастырды, – деді басқарма басшысы.
Басқарма жұмысы қандай заңдарға негізделеді?
Айтпаеваның айтуынша, басқарма қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Баланың құқықтары туралы заңына және еліміздің БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелеріне сүйенеді.
Сондықтан Балалардың құқығын қорғау басқармасын құру – уақыт талабына сай әрі аса қажетті қадам, – деді ол.
Бір маман бес мың баламен жұмыс істейді
Жанат Айтпаеваның айтуынша, бекітілген норматив бойынша бір маман бес мың баламен жұмыс істейді. Бұл балалар мен отбасыларға дер кезінде көмек көрсетуге, кешенді қолдау ұйымдастыруға және әрбір баланың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Жанат Айтпаева басқарма бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтінін айтты.
Олар:
- балалардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді үйлестіру;
- отбасындағы қолайсыз жағдайларды ерте анықтайтын және бала мен отбасына уақытылы көмек көрсететін заманауи тетіктерді енгізу;
- зорлық-зомбылық, буллинг, кибербуллинг, қараусыз қалу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қауіпсіздігіне төнетін өзге де қатерлерді анықтау жүйесін жетілдіру;
- балалар құқықтарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу, құқық бұзылуының себептерін талдау және қалалық деңгейде мемлекеттік саясатты жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеу;
- қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды кейс-менеджмент институты негізінде сүйемелдеудің заманауи технологияларын енгізу.
Кейс-менеджмент қалай жұмыс істейді?
Айтпаеваның айтуынша, жаңа жүйе балаларды қорғау философиясын түбегейлі өзгертеді.
Бұрын отбасы бірнеше мемлекеттік органға өздігінен жүгініп, көмекті өзі іздеп, түрлі қызметтердің жұмысын өзі үйлестіруге мәжбүр болатын. Енді кешенді сүйемелдеу моделі енгізіліп жатыр. Қорғауды қажет ететін әр балаға жеке кейс-менеджер бекітіледі. Ол жеке сүйемелдеу жоспарын әзірлеп, мамандардың жұмысын үйлестіреді және ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, – деді басқарма басшысы.
Бұған дейін қалай болған еді?
Жанат Айтпаеваның сөзінше, бұған дейін қамқоршылық және қорғаншылық органдары Білім басқармасының құрамында болғанын айтты.
Бұрын бұл бағытта 14 адам жұмыс істеді. Қазір қамқоршылық және қорғаншылық органы Балалардың құқығын қорғау басқармасына берілді. Сонымен бірге бұл функцияларды Балалардың құқықтарын қорғау орталығы да атқарады. Қазіргі таңда орталықтағы қызметкерлер саны бір маманға бес мың баладан келетін әдістеме бойынша 131 адамға дейін ұлғайтылды, – деді ол.
Оның айтуынша, осының нәтижесінде азаматтардың өтініштеріне әрекет ету жүйеленіп, кейс-менеджмент толық енгізілген.
Яғни бала туралы алғашқы сигнал түскен сәттен бастап оның құқықтары толық қорғалғанға дейінгі барлық процесс сүйемелденеді, – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Алматы тұрғындары қайда жүгіне алады?
Жанат Айтпаеваның айтуынша, қала тұрғындары ең алдымен бірыңғай 111 байланыс орталығына хабарласа алады. Сонымен қатар Балалардың құқығын қорғау басқармасының Instagram, Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары мен ресми сайты жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, тұрғындар мына телефон нөмірлері арқылы да хабарласа алады:
- 8-777-082-26-71
- 8-707-430-23-08
Бізге қандай да бір сигнал түскен бойда жұмыс басталады. Бірден кейс-менеджер тағайындалады. Алдымен барлық материал зерделенеді. Кейін дереу ведомствоаралық сүйемелдеу ұйымдастырылады. Бізде оқиға орнына жедел шығатын мобильді топтар бар. Олар мәселенің себебін анықтап, балаға көмек көрсету алгоритмін әзірлейді, – деді Жанат Айтпаева.