Қазақстанда әлеуметтік желілерге талап күшейеді: 128,5 мың заңсыз материал анықталған
Қазақстанда онлайн-платформалардың заң талаптарын орындауына қатысты жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылдың алғашқы 10 айында әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заңға қайшы 128,5 мың материал анықталған. Алайда олардың тек 70 пайызы ғана жойылған.
Онлайн-платформалардың Қазақстан заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету – қазіргі өзекті мәселелердің бірі. Мониторинг нәтижелері заңға қайшы контенттің барлығы бірдей жойылмайтынын көрсеткен. Осыған байланысты министрлік платформалардың заң талаптарын орындау жөніндегі міндеттері мен жауапкершілігін күшейтуді ұсынып отыр, - деді министр.
Атап айтқанда, онлайн-платформалардың Қазақстан аумағында заңды тұлға нысанындағы өкілдіктерін ашу талабын заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделген.
Сонымен қатар платформа иелері мен олардың өкілдіктері уәкілетті органның заңға қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі нұсқамасын орындамаған жағдайда әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, заң жобаларында бес мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігі қарастырылған.
Бұл нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобаларында ұсынылды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін екенін хабарладық.