9 Қазан 2026, 12:20 Фото: pixabay.com

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлердің саны артты

2026 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы Бірыңғай тізілімге 1 973 әлеуметтік кәсіпкер енгізілді. Бұл үш ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 197 кәсіпкерге көп. Бұл туралы BAQ.KZ Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Осылайша, бір тоқсан ішінде тізілімге енгізілген кәсіпкерлер саны шамамен 11,1%-ға өсті.

Әлеуметтік кәсіпкерлер – табыс табумен қатар, қоғам үшін маңызды мәселелерді шешуге үлес қосатын бизнес өкілдері. Мәселен, олар мүгедектігі бар азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарды жұмыспен қамтиды, әлеуметтік қызметтер көрсетеді немесе осы бағыттағы жобаларды жүзеге асырады.

Бірыңғай тізілімге енгізілу кәсіпкерлерге заңнамада көзделген мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндік береді.

Тізім әр тоқсан сайын жаңартылып отырады. Кәсіпкерлерді тізілімге енгізу туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар жанындағы арнайы комиссиялар қабылдайды. Олар өтініштерді қарастырып, бизнестің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.