Кеше 2026, 20:58 Фото: depositphotos.com

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер саны бір жылда екі есеге жуық артты

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер саны 835-тен 1431-ге дейін көбейді.

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер саны қарқынды өсіп келеді. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша тиісті реестрге 1431 субъект енгізілген. Ал бір жыл бұрын олардың саны 835 болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған реестр жыл сайын уәкілетті министрлік тарапынан бекітіліп, жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректер негізінде қалыптастырылады.
 
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестріне 1431 кәсіпкер енгізілген.
 
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлер ең көп тіркелген өңірлердің қатарында Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Абай облысы бар.
 
Әлеуметтік кәсіпкерлер қандай салаларда жұмыс істейді?
 
Реестр деректеріне сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі білім беру саласында қызмет етеді:
 
• шамамен 60% – білім беру саласында,
• 20% – әлеуметтік қызмет көрсету бағытында,
• 10% – денсаулық сақтау саласында,
• тағы 10% – басқа бағыттарда жұмыс істейді.
 
Реестр қалай қалыптастырылады?
 
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестріне енгізу туралы өтінімдерді алдымен арнайы комиссия қарайды. Комиссия әлеуметтік бизнеске жататын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды реестрге енгізу жөнінде ұсыным береді.
 
Реестрге қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік қызметпен айналысатын кәсіпкерлер мен компаниялар енгізіледі.
 
Министрлік мәліметінше, әлеуметтік кәсіпкерлікке мүгедектігі бар адамдар құрған кәсіпорындар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне жұмыс орындарын ұсынатын бизнес жобалар жатады.
 
Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған заңнамалық негіз 2021 жылы қалыптасты. Сол кезде заң деңгейінде әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы алғаш рет бекітілген болатын.