Бүгiн 2026, 10:55 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қазақстанда әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты жаңа Конституциялық заң қабылданды

Елді мекендердің мәртебесі, шекарасы және құрылу тәртібі енді жаңа құқықтық тетіктермен реттеледі

Парламент екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Құжат елдің аумақтық құрылымын жетілдіруге, мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және әкімшілік-аумақтық мәселелерді реттеудің бірыңғай құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа заңда облыстардың, аудандардың, қалалардың, ауылдардың және өзге де елді мекендердің құқықтық мәртебесі айқындалған. Сонымен қатар әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі нақтыланып, осы саладағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері бекітіледі.

Құжатта әкімшілік-аумақтық мәселелерді қараудың нақты құқықтық критерийлері енгізілген. Бұл шешімдерді қабылдау кезінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін негізге алуға мүмкіндік береді.

Заң аясында цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде есепке алу және тіркеу тетігі заң жүзінде бекітіледі.

Сондай-ақ елді мекендердің шекарасын белгілеу және өзгерту бас жоспарлар мен аумақтарды дамыту схемалары негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл қала құрылысы мен аумақтық жоспарлау арасындағы байланысты күшейтіп, өңірлерді жүйелі дамытуға жол ашады.

Депутаттардың пікірінше, әкімшілік-аумақтық құрылыс нормаларын Конституциялық заң деңгейінде бекіту мемлекеттің аумақтық ұйымдасуының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқару органдары жұмысының құқықтық негізін күшейтеді.

Еске салсақ, бұған дейін Парламент Президент туралы заңды қабылдады.

Сондай-ақ, Астана инфрақұрылымы мен сәулеттік келбеті енді жаңа заңмен реттеледі.