Әкімдер мен министрлерге енді наркоскринингтен өту міндеттеледі
Наркоскрининг тосыннан жүргізіліп, бас тартқандар қызметтен босатылады.
Қазақстанда бұдан былай әкімдер мен министрлер наркоскринингтен өтуге міндеттеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің айтуынша, наркоскрининг жыл сайын жүргізіледі және басшылық лауазымдағы тұлғалар үшін міндетті болады.
Сонымен қатар екінші санаттағы негіздер бар, олар факультативті сипатта, яғни қосымша. Мемлекеттік орган басшылары лауазымдық міндеттердің сипаты мен мазмұнына қарай өз қалауымен де енгізе алады. Мысалы, мемлекеттік құпиялармен жұмыс істейтін немесе осындай сезімтал ақпаратқа қол жеткізетін қызметкерлерді басшы наркоскринингтен өтетін санатқа қосуы мүмкін, – деді ол Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Заң жобасына сәйкес, «басшылық лауазым» ұғымына қарамағында басқа мемлекеттік қызметшілер бар барлық қызметтер жатады. Белгілі болғандай, бұл қатарға әкімдер мен министрлер де кіреді.
Сондай-ақ тексеріс күтпеген жерден жүргізіледі.
Бұл жоспарлы түрде алдын ала белгіленбейді. Яғни мемлекеттік орган белгілі бір күнді бекітіп, қызметкер сол күнге дайындалып отырады деген жоқ. Мұндай жүйенің басты ерекшелігі – тосыннан өткізілуі. Мемлекеттік орган басшысы шешім қабылдаған сәттен бастап, 48 сағат ішінде қызметкер наркоскринингтен өтуге міндетті болады. Бұл жерде құқықтық салдарына да тоқталғым келеді. Заң алғаш рет есірткі және өзге де тыйым салынған заттарды қолдануды мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекет ретінде қарастырады. Мұндай жағдайда қызметкер жұмыстан босатылады. Наркоскринингтен өтуден бас тарту да қызметтен шығаруға негіз болады, – деді агенттік өкілі.
Оның мәліметінше, наркоскринингтен өтетін азаматтар тексерісті өз қаражаты есебінен тапсырады. Бұл шығындарды мемлекет көтермейді. Сонымен бірге сол күнге және келесі бір күнге ақылы демалыс беріледі.