Бүгiн 2026, 07:30 Фото: gov.kz

АИТВ-ға шалдыққандардың саны қанша: Қазақстан бойынша соңғы деректер

Өнеркәсіптік аймақтарда АИТВ (ВИЧ) жұқтырғандар саны жоғары болып отыр.

Ведомствоның мәліметінше, “Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының” деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүріп жатқан 37 038 адам тіркелген. Толық статистика BAQ.KZ тілшісі материалында.

Редакцияның ресми сауалына жауап берген министрлік жалпы тіркелгендердің ішінде 15 жасқа дейінгі 296 бала, ал 36 742 адам 15 жастан асқандар екенін мәлімдеді.

Гендерлік құрылым бойынша ер адамдардың үлесі басым: 22 728 ер адам, 14 310 әйел.

Өңірлер бойынша жағдай

Статистикаға қарағанда, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың ең көбі ірі өнеркәсіптік өңірлер мен мегаполистерде тіркелген.

  • Алматы – 5 786 адам
  • Қарағанды облысы – 4 786
  • Шығыс Қазақстан облысы – 3 497
  • Астана – 3 087

Сондай-ақ көрсеткіш жоғары өңірлердің қатарында:

  • Алматы облысы – 2 997
  • Қостанай облысы – 2 614
  • Павлодар облысы – 2 606

Шымкентте АИТВ-мен өмір сүретін 2 147 адам тіркелген.

Орташа көрсеткіш байқалған өңірлер:

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 1 573
  • Ақмола облысы – 1 244
  • Жамбыл облысы – 1 214
  • Түркістан облысы – 1 139

Ал Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарында 924 жағдайдан тіркелген.

Басқа өңірлердегі көрсеткіштер:

  • Ақтөбе облысы – 587
  • Маңғыстау облысы – 558
  • Абай облысы – 537
  • Атырау облысы – 506

Ең төмен көрсеткіштер:

  • Қызылорда облысы – 310
  • Ұлытау облысы – 157 жағдай.

Жаңа жағдайлар динамикасы

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстанда АИТВ инфекциясының жаңа анықталған жағдайлары біртіндеп азайып келеді.

  • 2023 жылы елде 3 857 жаңа жағдай тіркелген. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 19,3 болған.
  • 2024 жылы жаңа жағдайлар саны 3 805-ке дейін азайып, аурушаңдық деңгейі 100 мың адамға шаққанда 18,8 болды.
  • 2025 жылы бұл үрдіс жалғасып, 3 426 жаңа жағдай тіркелді. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 16,9-ға дейін төмендеген.

Тестілеу және алдын алу

Министрліктің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 4 947 736 адам АИТВ-ге тест тапсырған.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында:

  • психоәлеуметтік кеңес беру;
  • пациенттерді сүйемелдеу;
  • стигма мен кемсітуді азайтуға бағытталған бағдарламалар бар.

Елде ұлттық және өңірлік деңгейде алдын алу бағдарламалары да жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда:

  • ВИЧ-тің анадан балаға берілуінің алдын алу;
  • халықтың негізгі тәуекел топтарына арналған бағдарламалар;
  • мобильді және стационарлық сенім пункттерінің жұмысы;
  • жастар мен жалпы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бұған дейін күйеуінен адамның иммунтапшылық вирусын (АИТВ) жұқтырған кейіпкер BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берген еді.

Айдана (ред. – өзгертілген) күйеуі көзіне шөп салып, АИТВ-ны жұқтырғанын білген кезде қолында емізулі қызы болған. Ол сұхбатта вирустан қызын сақтай алды ма және күйеуін кешірді ме, толық айтып береді.