Бүгiн 2026, 10:05 Фото: gov.kz

Қазақстанда аграрларға жаңа талап қойылмақ

Жер пайдаланушылар үшін топырақты сақтау, мониторинг жүргізу және ауыл шаруашылығы жерінің паспорты енгізіледі

Қазақстанда аграрлық салаға қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын қарау барысында депутаттар құжаттың негізгі нормаларын нақтылап, күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжатты Мәжілістің жалпы отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов таныстырды.

Заң жобасына сәйкес, орталық уәкілетті орган ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі белгіленіп, оның негізгі өкілеттіктері айқындалады.

Құжатта топырақ пен агрохимиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ топырақты қорғау және оның жай-күйін тұрақты бақылау (мониторинг) тетіктері регламенттеледі. Бұл жұмыстардың нәтижелері мен практикалық ұсынымдар ашық түрде жарияланып, электрондық ауыл шаруашылығы картасында көрсетіледі.

Сонымен қатар, жер қатынастары субъектілерінің құқықтары мен міндеттері нақты бекіледі. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабатын сақтау бойынша бірқатар талап енгізіледі.

Жаңа нормаларға сәйкес, жер жұмыстарын жүргізу кезінде құнарлы қабатты міндетті түрде сыпырып алу, оны дұрыс сақтау және кейін қайта пайдалану қарастырылған. Сондай-ақ бұл қабатты сыртқа шығаруға тыйым салынады.

Ілеспе заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жаңа талаптармен үйлестіруге бағытталған. Оның аясында ауыл шаруашылығы жерлерін беру кезінде міндетті түрде жер паспорты енгізіледі.

Бұл құжатта жердің негізгі агрохимиялық көрсеткіштері, атап айтқанда бонитет балы, қарашірік мөлшері, азот, фосфор, калий деңгейі, тұздану дәрежесі, қышқылдығы және механикалық құрамы көрсетіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда топырақты қорғау туралы жеке заң пайда болатынын жазған едік.