Қазақстанда АЭС құрылысының технологияларын таңдау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр
«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Құмар Әусенов еліміздегі АЭС құрылысының технологияларын таңдау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін «АЭС-тің экологияға және адам денсаулығына әсері қандай?» тақырыбында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шарада экологтар, энергетиктер, атом саласының мамандары, сарапшылар, ғалымдар атом энергетикасының қоршаған ортаға әсері, атом энергетикасының артықшылықтары, АЭС құрылысы жобасы аясындағы жұмыстар төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісті.
«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Құмар Әусенов еліміздегі АЭС құрылысының технологияларын таңдау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.
Біз атом электр стансасын салу жобасымен бес жылдан бері айналысып келеміз. Бұл мәселе электр қуатының тапшылығына байланысты көтеріліп отыр. Біз көптеген жобаны қарап шықтық, критерийлер құрастырдық, бағаладық. 2019 жылы біз 9-ға жуық компанияға тағы бір сұраныс жібердік. Оларды ішінде 5 америкалық, ресейлік, корейлік, қытайлық компания жауап берді., - деді Құмар Әусенов.
Сарапшы, бұл төрт елдің технологиялары бір-біріне ұқсас екенін айтып, барлығы қауіпсіз екенін жеткізді. Әусенов апат 10 миллион жылда шамамен 1 рет болуы мүмкін екенін айтты.
Қазірдің өзінде бізде 1 гигаватт шамасында энергия тапшылығы бар. Негізгі сенімді энергияны тек атом электр станциялары қамтамасыз ете алады. Әрине, жылу стансалары бар, бірақ олар көміртекті шығарады, - деп айтты сарапшы.
«Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажеттілігі тапсырмасы аясында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізіп келеді.