Қазақстанда АЭС құрылысы ілгеріледі: алғашқы алаңда дайындық жүріп жатыр
Алматы облысындағы Жамбыл ауданында екі бірдей станцияға қатысты зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салуға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы 20 сәуірде Мәжіліс кулуарында Атом энергетикасы агенттігі төрағасының орынбасары Асет Махамбетов мәлім етті. Оның мәліметінше, АЭС салынатын негізгі орын ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы бекітілген. Қазір аталған аумақта МАГАТЭ ұсынымдарына сәйкес инженерлік-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл процесс 2025 жылғы тамызда басталған.
Асет Махамбетовтің айтуынша, дайындық жұмыстары Росатом компаниясымен бірлесіп іске асырылып жатыр. Жоба аясында аумақтың геологиялық, техникалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктері жан-жақты зерделенуде.
Сонымен қатар, екінші атом электр станциясын орналастыру мәселесі де қатар қаралып жатыр. Агенттік өкілінің мәліметінше, бұл нысан да Алматы облысының Жамбыл ауданында салынуы мүмкін. Қазіргі уақытта онда да алдын ала зерттеу және дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.
Жоба елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі ретінде қарастырылуда.