21 Шілде 2026, 12:27 Фото: ©ЖИ (Gemini.ai)

Қазақстанда абонент құқығын қорғайтын жаңа цифрлық талаптар енгізілді

Қазақстанда мобильді байланыс пен интернеттің қосымша ақылы қызметтері абоненттің екі кезеңді келісімі алынғаннан кейін ғана қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін абоненттің интернетте қандай да бір қызметке кездейсоқ басуы жазылымның рәсімделуіне әкелуі мүмкін еді, ал адам бұл туралы білмей қалатын. Енді қызметті қосу екі кезеңді келісім арқылы жүзеге асырылады. Яғни адам алдымен батырманы басқаннан кейін, қосылымды SMS, қоңырау немесе USSD-сұрау арқылы қайта растауы керек, – деп түсіндірді Досжан Мусалиев.

Сонымен қатар қазақстандықтарға байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламаларынан, сондай-ақ автоматты түрде қайта қоңырау шалу қызметтері мен «маяктар» деп аталатын қызметтерден бас тарту мүмкіндігі берілді.

Бұған дейін егер адам желіде жоқ абонентке қоңырау шалса, оператор шақырылған пайдаланушы желіге шыққаннан кейін оған автоматты түрде қайта қоңырау шала алатын. Мұндай қоңыраулар, соның ішінде түнгі уақытта да келуі мүмкін еді.

Енді мұндай болмайды. Автоматты қоңыраудың орнына тек SMS хабарламалар жіберіледі, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл мәселелер халық тарапынан бірнеше рет көтерілген. Тиісті норма маусым айының соңында қабылданған.