19 Қараша 2026, 12:57 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда 8,5 млн адам спортпен тұрақты айналысады

Қазақстанда бұқаралық спортпен тұрақты айналысатындар саны 8,5 млн адамға жетті. Бұл халықтың 44,5%-ын құрайды. Оның ішінде 3 млн-нан астамы – ауыл тұрғындары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік спорт саясатының басты басымдықтарының бірі. Дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай спортпен тұрақты айналысатын халықтың үлесін 50%-ға жеткізу жоспарланған, - деді министр брифингте.

Елімізде жыл сайын әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізіледі. Оларға 1,2 млн адам қатысады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – ауыл тұрғындары.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілді. Енді бір баланы даярлауға бөлінетін жылдық қаражат 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өсті. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаттықтырушы-оқытушыларға кәсіби шеберлігі үшін 30% мөлшерінде қосымша ақы белгіленді.