18 Шілде 2026, 14:19 Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда 730 шақырымнан астам жаңа теміржол салынып жатыр

Көлік министрлігінде үш ірі теміржол инфрақұрылымы жобасының іске асырылу барысы талқыланды.

Қазақстанның Көлік министрлігінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Жиында Дарбаза – Мақтаарал, Мойынты – Қызылжар және Бақты – Аягөз теміржол желілерінің құрылысы талқыланды. Үш жобаның жалпы ұзындығы 730 шақырымнан асады.

Негізгі жобалардың бірі – ұзындығы 127,6 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал теміржолының құрылысы. Қазіргі уақытта нысанда жер төсемін қалыптастыру, рельс-шпал торын төсеу, көпірлер, жол өткелдері және өзге де инженерлік құрылыстарды салу жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаны іске асыруға 1,4 мыңнан астам маман мен 1 045 бірлік техника жұмылдырылған.

Бұл теміржол пайдалануға берілгеннен кейін Өзбекстанмен қосымша халықаралық көлік дәлізі ашылады. Соның нәтижесінде Сарыағаш – Ташкент бағытындағы жүктемесі жоғары учаскедегі жүк ағынын қайта бөлуге, теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға және Орталық Азия елдеріне транзиттік тасымалды ұлғайтуға мүмкіндік туады.

Кеңесте сондай-ақ ұзындығы 300 шақырымнан асатын Мойынты – Қызылжар теміржол желісінің құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отырғаны айтылды. Қазіргі таңда нысандағы жер жұмыстарының 93 пайызы, ал рельс-шпал торын төсеу жұмыстарының 51 пайызы орындалған. Құрылыс алаңында шамамен 2 мың адам мен 698 бірлік техника жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар ұзындығы 303 шақырым болатын Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 20 миллион текше метрден астам жер жұмыстары орындалған. Бұл жобада көзделген жалпы көлемнің 52 пайызына тең. Жер төсемін қалыптастыру жұмыстарын биылғы қазан айында аяқтау жоспарланған. Нысанда 1 379 маман және 884 бірлік техника еңбек етуде.

Құрылыс толық аяқталғаннан кейін Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекаралық өткелін ашуға мүмкіндік береді. Бұл көлік дәлізінің өткізу қабілетін жылына 25 миллион тонна жүкке дейін ұлғайтады.

Кеңес қорытындысы бойынша Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов құрылыс жұмыстарының бекітілген кестеге сай жүргізілуін қамтамасыз етуді, жұмыстың қарқынын күшейтуді, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының қауіпсіздігі мен сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.