Қазақстанда 70-ке жуық медициналық нысан салынады: Дәрі-дәрмекпен қамту қалай өзгереді?
Жаңа бастамалар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Елімізде алдағы үш жылда балалар ауруханалары, перинаталдық және оңалту орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 77 мыңнан астам медицина қызметкеріне еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төлеу көзделген. Бұл бастамалар денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда халық санының өсуіне байланысты медициналық қызметке сұраныс артып келеді. Осыған орай денсаулық сақтау нысандарын көбейту, медицина мамандарын қолдау және халықты сапалы дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов айтты.
Комитет басшысының мәлімдеуінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, ана мен балаға көрсетілетін мамандандырылған көмекті жетілдіруге және өңірлердегі медициналық ұйымдардың әлеуетін арттыруға басымдық берген.
Президент елімізде халық саны қарқынды өсіп келе жатқандықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – аса маңызды міндеттердің бірі екенін алға тартқаны белгілі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында алдағы үш жылда 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында балалар ауруханалары, перинаталдық және оңалту орталықтары бар.
Бұл жобалар ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Атап айтқанда, педиатрия саласындағы диагностика мен емдеу сапасын жақсартуға, күрделі хирургиялық оталар мен жоғары технологиялық медициналық араласуларды еліміздің өзінде жүргізуге мүмкіндік береді. Әртүрлі бейіндегі мамандардың тәжірибесін бір орталыққа шоғырландыру балаларға көрсетілетін көмектің сабақтастығы мен тиімділігін арттырады. Сонымен қатар отандық клиникалардың әлеуеті күшейіп, күрделі дертке шалдыққан балаларды емдеу үшін шетелге жіберу қажеттілігі азаяды, – дейді комитет төрағасы.
Оның сөзінше, жаңа медициналық нысандарды өңірлерде орналастыру кезінде халықтың нақты қажеттілігі ескерілуі керек. Бұл ретте халық санының өсу динамикасы, демографиялық ерекшеліктер және медициналық қызметке сұраныс негізгі өлшемшарт ретінде қарастырылады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында жаңа нысандарға қатысты өңірлердің қажеттілігіне медициналық-демографиялық ахуал мен тиімділік өлшемшарттарын ескере отырып талдау жүргізіліп жатқанын айтты. Мұндай жоспарлау медициналық инфрақұрылымды тиімді орналастыруға және өңірлер арасындағы медициналық қызмет сапасының алшақтығын қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Бауыржан Жүсіпов.
Комитет төрағасы денсаулық сақтау саласының дамуы тек жаңа ғимараттар мен заманауи технологияларға байланысты емес екенін атап өтті. Білікті мамандарды қолдау да маңызды. Осыған байланысты алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы учаскелік қызметкерлердің әлеуметтік және материалдық жағдайына ерекше назар аударылып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 77 мыңнан астам медицина қызметкеріне үздіксіз еңбек өтіліне қарай жалақысына қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр. Бұл шара алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандардың еңбекке деген ынтасын арттыруға, тәжірибелі кадрларды сақтап қалуға және ауылдық жерлердегі маман тапшылығын азайтуға бағытталған. Учаскелік дәрігерлер мен мейіргерлер аурудың алдын алу, оны ерте анықтау және халық денсаулығын тұрақты бақылауда ұстау ісінде маңызды рөл атқарады, – деді ол.
Бауыржан Жүсіпов дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, жаңа ауруханалар мен мамандандырылған орталықтардың тиімді жұмыс істеуі заманауи жабдықтармен қамтылуына ғана емес, қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың үздіксіз жеткізілуіне де байланысты.
Әсіресе балалар хирургиясы, неонатология және шұғыл медицина бағыттарында қажетті препараттардың уақытылы қолжетімді болуы маңызды. Сондықтан дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, фармацевтикалық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, медициналық ұйымдардың қажеттіліктерін ескеру – негізгі міндеттердің бірі. Фармация комитеті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, олардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету және фармацевтикалық нарықта заңнама талаптарының сақталуын қадағалау жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Сонымен қатар дәрілік препараттар айналымының ашықтығын арттыру, сапасыз әрі қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің нарыққа түсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді комитет төрағасы.
Ол азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, қажетті дәрілік заттарды уақытылы әрі қолайлы жағдайда алуына мүмкіндік жасау маңызды екенін атап өтті.
Ана мен бала денсаулығын қорғау, балалар ауруларын емдеу және шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде қолданылатын препараттардың сапасы мен қолжетімділігіне ерекше мән береміз. Ана мен бала денсаулығына жасалған қамқорлық – елдің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді дәйекті орындау, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, халықты сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттармен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік, – деп түйіндеді Бауыржан Жүсіпов.